Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мониторинг топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Басты міндет — карантиндік шараларды бұзу фактілерін, атап айтқанда жаппай жұқтыруға әкелуі мүмкін адамдар көп жиналатын іс-шараларды жедел анықтау және жолын кесу. Қазіргі уақытта қала бойынша 32 мониторинг тобы жұмыс істейді, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Алматы эпидемиология жағдайы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан.
Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректері бойынша, кейінгі 7 күнде сырқаттанушылық көрсеткіші R-1,3 репродуктивті санында 61,2 құрады, — делінген әкімдік хабарламасында.
Алматы әкімдігі инфекция жұқтырудың ықтимал орындарын атады.
- қоғамдық орындарға бару — 37%;
- қоғамдық көлікте жол жүру кезінде — 17%;
- отбасылық іс-шаралар — 3%.
Алматы әкімдігі қала тұрғындарын мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тартуды үндеді.
Әсіресе, 65 жастан асқан адамдар үйлерінен шықпауы керек. Сонымен бірге ата-аналар балалардың эпидемияға қарсы шараларды сақтауын бақылауды күшейтуі қажет. Барлық тұрғын бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтауға тиіс, — деді әкімдіктен.
Кәсіпкерлік субъектілері санитария-эпидемиология нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етуі, белгіленген жұмыс режимін сақтауы қажет.
Ескертуден кейін заң бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал ауданаралық әкімшілік сот кәсіпкерлік қызметті тоқтату туралы шешім шығарады.
Айта кетейік, Алматыда өткен тәулікте, яғни 13 наурыз күні 360 адамнан коронавирус инфкекциясы анықталды. Бір күн бұрын 293 дерек тіркелген еді.
