Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үндеуді Facebook-парақшасында жазды.
Құрметті қазақстандықтар! Мерекелік демалыс күндері қарсаңында тағы да естеріңізге сала кеткім келеді. Күз бен көктемде жіті респираторлық вирус инфекциясы (риновирус, аденовирус, парагрипп вирус және басқалары) асқынады. Қазір ЖРВИ маусымы жалғасып жатыр, сондықтан сырқаттану қауіпі сейілген жоқ, — деді министр.
Алексей Цой қыркүйек пен қаңтар аралығында Қазақстанда коронавирустың («Британдық», «Оңтүстік Африка», «Бразилиялық») жаңа штаммы анықталмағанын, алайда қауіп бар екенін айтты.
Халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын, шетелге шығатын ел азаматтары (еңбек көші-қоны, оқыту, емдеу, туризм), сонымен бірге жақын және алыс шетелдерден келгендердің қатары көбейгенін ескерген жөн. Яғни, коронавирус инфекциясының жаңа штаммдарын тасымалдау қаупі де артады, — деді ол.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық нысандардағы шектеу шараларының жеңілдетілуі, халықтың белсендігі (әлеуметтік арақашықтық, маска тағу режимі және т.б. сақталмайды) коронавирус инфекциясының таралу қаупін үдетуі мүмкін.
Министр үндеуінде Америка және Ресей ғалымдарының ғылыми зерттеулеріне сәйкес, коронавирус инфекциясымен ауырғандардың тек 10-15%-де тұрақты иммунитет қалыптасқанын айтты.
COVID-19 жұқтырған науқастарда иммунитет пациенттің жасына қарай қалыптасады: иммунитет балаларда жақсы дамиды — кәмелетке толмағандар арасында иммунитет шамамен 20% болады. 18-ден асқан адамдарда -14%, 65 жастан асқандарда -11%. 40%-де иммунитет өте әлсіз және инфекция қайталанғанда көмектесе алмайды, — деді Алексей Цой.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, карантинге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация ғана балама бола алады.
1 ақпаннан бастап елімізде корнавирусқа қарсы «Спутник V» екпесімен вакцинация басталды. Вакцинация кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте, коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату қаупі жоғары азаматтар (медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері) екпе салдырады.
Сәуір айынан халықтың осал топтарын (созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқандар және халықтың басқа да топтары) вакцинациялау жоспарланып отыр. Егер халық жаппай коронавирусқа қарсы профилактика екпесін салдырса, ұжымдық иммунитет қалыптасады және инфекцияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік туады, — деді министр.
Алексей Цой коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі де жоғары екенін, өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғау үшін мынадай сақтық шараларын орындауды сұрады:
- адам көп жиналатын орындарға бармаңыз;
- ұжымдық іс-шара, мерейтой, корпоративтік жиын жасауға болмайды;
- ағзаңызға суық тигізіп алмауға тырысыңыз;
- өзгелерге қауіп төндірмеу үшін жақындарыңызбен алыстан араласыңыз, заманауи байланыс құралдарымен хабарласқан дұрыс.
