2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында ақпарат және байланыс сегментіне салынған капитал инвестиция көлемі 10,7 миллиард теңге болды. Жылдық өсім 69,1% болды: былтыр осындай кезеңде капитал жұмсалымы көлемі 6,3 миллиард теңге болды. Бұл туралы Finprom.kz зерттеуінде айтылады.
Бұл салаға аударылған инвестиция үлесі экономикаға салынған жалпы капитал сомасының 0,8%-ына тең болды, бұл былтырғыдан 0,3%-ға жоғары.
Ақпарат және байланыс саласына аударылатын инвестиция көлемі жөнінен Алматы көш бастайды: 4,6 миллиард теңге, өсім былтырғыдан 2 еседен астамға көп. Екінші орында Нұр-Сұлтан: 1,1 миллиард теңге, бірақ капитал көлемі 2018 жылдың алғашқы екі айына қарағанда 38,6%-ға азайған. Қарағанды облысының көрсеткіші де — 1,1 миллиард теңге, жылдық өсімі 6,5 есе көп.
Ақпарат және байланыс саласы инвестициясының негізгі бөлігі — кәсіпорындардың өз қаражаты. 2019 жылдың екі айында бұл қаржы 9,9 миллиард теңге болған, бұл — барлық инвестиция портфелінің 92,5%-ы.
Жергілікті бюджеттен салаға бөлінген қаражат 593,8 миллион теңге болды, 2018 жылдың алғашқы екі айында 0,2 миллион теңге ғана аударылған еді. Қарыз қаражат есебінен салынған инвестиция сомасы 215,9 миллион теңге болды.