Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Халықтың қарызы 27,5 трлн теңгеге жетті. Банктерге жаңа талап қойылады

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Қазақстан азаматтарының кредиттік жүктемесі жылдан-жылға артып барады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәліметінше, халықтың қарыз ауыртпалығын төмендету және қаржылық тұрақтылығын арттыру үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.

Вице-министрдің дерегінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторындағы несие көлемі 25 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде тұтынушылық несиелердің үлесі үштен екі бөліктен асып, 10 триллион теңгеден жоғары болған.

Сонымен қатар бірінші несие бюросының аналитикалық орталығының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басында қазақстандықтардың барлық қаржы ұйымдары алдындағы жиынтық берешегі 27,5 триллион теңгені құраған. Бұл көрсеткішке жеке кәсіпкерлердің несиелері мен есептен шығарылған қарыздар кірмейді.

Қазір елімізде 8,95 миллион қарыз алушының 39,4 миллион тұтынушылық несиесі бар. Осылайша, бір қарыз алушыға орта есеппен 4,4 несие тиесілі. Халықтың кредиттік жүктемесінің өсуі мемлекеттік деңгейде назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе. Осыған байланысты үкімет бірқатар реттеу шараларын ұсынып жатыр, — деді Азамат Әмрин үкіметтегі брифиңде.

Атап айтқанда, банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы мерзімі өткен тұтынушылық несиелерді қайта реттеу, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу әдістемесін қайта қарау және қаржылық қызмет көрсету кезінде заңға қайшы әрекеттердің алдын алу көзделген.

Сонымен қатар қаржы ұйымдарына клиенттерге несие рәсімдер алдында барлық шарттар мен тәуекелдер туралы нақты жадынама беру міндеттелмек. Бұл қосымша қызметтерді күштеп ұсыну мен маңызды ақпаратты жасыру фактілерінің алдын алуға бағытталған.

Бұдан бөлек, үкімет әлеуметтік осал топтарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін жеңілдетуді ұсынып отыр. Мамандардың пікірінше, бұл шаралар халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, қарыз жүктемесін төмендетуге ықпал етуге тиіс.

Мақалаға реакция