Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсіміне қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанат алдында Қазақстан мен Өзбекстан басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі мазмұнын ашуға арналған «Ұлы дала мұрасы» атты көрмені аралады. Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорындағы еліміздің ежелгі өнер туындылары, соның ішінде Есіктен табылған Алтын адам, Берел қорғандарынан табылған ат әбзелдерінің қалпына келтірілген нұсқалары, «Тақсай ханшайымы» және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бірегей экспонаттары қойылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде қазақ пен өзбек халқын ортақ тіл, ортақ дін мен ортақ тарихи тағдыр біріктіретінін айтты.

Халықтарымыз — Орталық Азиядағы ежелгі әрі ұлы өркениеттің мұрагері. Біз дәстүрімізді, бабаларымыздың құндылықтары мен мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалдық. Сонымен қатар көптеген қиын сынақты бастан өткердік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан басшысы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен жемісті ынтымақтастық қазіргі кезеңдегі жоғары деңгейге көтерілген тарихи достықтың қисынды жалғасы екенін айтты.

Шекара маңындағы ынтымақтастық нығайып, тауар айналымы өсіп келеді. Бүгінде Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарында шешілмеген ешқандай мәселе жоқ екенін нақты айта аламын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен құрметті Президент Шавкат Мирзиеевтің арқасында қазақ-өзбек қатынастары жоғары деңгейге көтерілді, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылын ашып берді
Фото: Аkorda.kz

Мемлекет басшысы ұлы Абайдың қазақтарға бауырлас өзбек халқының еңбекқорлығын, қайырымды істері мен қарапайымдығын үлгі етіп, үйренуге шақырғанын айтып, Өзбекстан басшылығына қазақ мәдениетін қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.

Президент Шавкат Мирзиеевтің «Қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен оқу мен насихаттау туралы» қаулысы аясында атқарылған ауқымды шаралар үшін ризашылығымды білдіремін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы өзбек диаспорасын қолдау шараларына жеке тоқталды.

Біз өз елімізде өмір сүріп жатқан өзбек халқының рухани, әлеуметтік қажеттіліктерін толық қанағаттандыру үшін жан-жақты шаралар жасап жатырмыз. Қазақстанның барлық дерлік өңірінде өзбек этномәдени орталықтары ашылған. Өзбек тілі Қазақстанның медиа саласында, білім жүйесінде және мәдени өмірінде орнын алған. Екі өзбек театры табысты жұмыс істеп жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен 200-ден астам шараны қамтыған Қазақстандағы Өзбекстан жылы екіжақты байланыстың нығаюына ықпал еткенін атап өтіп, Шымкентте өткен алғашқы Өңіраралық форумға ерекше тоқталды.

Екіжақты тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу туралы мақсатымызға біртіндеп жақындап келеміз. Көлік қатынастарының қарқынын арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Біздің елдеріміздің көлік-логистика инфрақұрылымдарының дамуы Еуропа мен Азия нарықтарына шығуға мүмкіндіктер ашады, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Өзбекстандағы Қазақстан жылы екі ел қарым-қатынасы үшін ғана емес, тұтас Орталық Азияда өзара түсіністік пен сенім атмосферасының қалыптасуы үшін маңызы бар айтулы оқиға екенін айтты.

Орталық Азияның табысты экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, негізінен, Қазақстан мен Өзбекстанның тығыз ықпалдастығы мен келісілген іс-әрекеттеріне байланысты. Шұғыл түрде елдеріміздің түркі дүниесінің ғана емес, әлемдік мәдениеттің мақтанышына айналған басты рухани және тарихи орталықтарын бір бірімен байланыстыратын Түркістан, Самарқанд, Бұқарды бір бағытқа қосатын туристік кластер ашуды ұсынамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін сақтау қазіргі ұрпақтың ортақ парызы екенін айтып, Өзбекстандағы Қазақстан жылын ашық деп жариялады.

Салтанатты рәсім Әлібек Дінішев, Айман Мұсаходжаева, Медет Шотабаев, Нұрлан Бекмұхамбетов, Димаш Құдайберген, Мария Мудряк сияқты Қазақстан өнерінің қайраткерлері мен сахна шеберлерінің, шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.

Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуы
Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуы

Өзбекстандық көрермендер назарына Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінді, Astana Ballet театрының хореографиялық композициясы, «Салтанат» ҚР мемлекеттік би ансамблінің, Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр театры мен Мемлекеттік республикалық академиялық корей театрының орындауындағы қойылымдар ұсынылды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!