Ұйғыр театры Астананың 20 жылдығына арналған спектакль әзірледі

Құддыс Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Астананың 20 жылдығына арналған қойылым әзірлеп отыр. Бұл туралы театрдың жетекшісі Руслан Тохтахунов Қазақстан халқы ассамблеясы сайтының редакциясына берген сұхбатында айтты.

Спектакльдің премьерасы ұйғыр театрының 84 жылдық мерейтойы тойланатын қараша айында болады. Оған Қазақстан Президенті көрермен ретінде шақырылып отыр.

Елордамыздың 20 жылдығына орай ұйғыр театры «Астана» атты қойылымды үлкен сый ретінде әзірлеп отыр. Жаңа пьеса Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық жол» кітабының желісі бойынша жазылған. Нұрсұлтан Назарбаевтың образы сахнада тұңғыш рет көрсетіледі. Қараша айында ұйғыр театры «Астана» спектаклінің премьерасын Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен өткізуді жоспарлап отыр, — дейді Руслан Тохтахунов.

Театр жетекшісінің айтуынша, ұйғыр музыкалық комедия театрының барлық концерттік бағдарламасы, спектакльдері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жасалады.

23 қарашада, бізде, Алматыда, театрымыздың 84-маусымының ашылуына куә бола аласыздар. Бұл орасан зор оқиға болмақ. Көрермен назарына жаңа қойылым — түрік драматургы Тунджер Джудженоғлының «Көшкін» спектаклін ұсынамыз. Жұртшылықты ұйғыр халқының театр өмірін тамашалауға шақырамыз, — дейді театрдың басшысы.

Руслан Тохтахунов ұйғыр театры ұйғыр халқы мәдениеті мен өнерінің алтын бесігі бола отырып, Қазақстан халқының ұлтаралық татулығы мен келісімін нығайтуға қызмет ете беретінін айтты.