Президент республикалық бюджетке енген өзгерістер туралы заңға қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жөнінде Президенттің өзі Twitter-де түсінік берді.

«2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойдым. Құжатты әзірлеген Үкіметке және маңызды өзгертулерді жылдам қарап, қабылдаған Парламент депутаттарына алғыс айтамын. Енді  ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі бюджеттік саланың айлығы төмен 1 миллионнан астам қызметкерінің жалақысы 2019 жылдың 1 маусымынан бастап өседі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгеріс енгізу туралы» заңға да қол қойды. Заңдардың мәтіні баспасөзде жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін Үкіметтің 2019 жылға арналған республикалық бюджеттегі шұғыл шығындар үшін қарастырылған резервінен 2019 жылдың 9 маусымына белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге 9 404 771 000 (тоғыз миллиард төрт жүз төрт миллион жеті жүз мың) теңге бөлінетіні хабарланған еді.