Бас прокурор Тұңғыш Президентке азаматтарға өтелген қарыз жалақы туралы айтты

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бас прокурор Тұңғыш Президентке еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық саладағы құқығын қорғау үшін атқарылып жатқан жұмыс туралы мәлімдеді.

Ғизат Нұрдәулетов Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздің қылмыстық заңнамасын ізгілендіру мен түрмеге қамалғандардың әлемдік рейтингі бойынша Қазақстанның беделін арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері туралы да баяндады.

Кездесуде еңбек дауларын шешуге қатысты азаматтардың құқықтарын қорғау үшін Бас прокуратура мен Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға баса мән берілді. Ғизат Нұрдәулетовтің мәліметінше, былтыр бірлесе күш жұмылдырудың арқасында еңбекақы бойынша 2,4 миллиард теңге көлеміндегі қарыз өтелді, — деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурорға шағын және орта бизнес саласындағы тексерістерді азайту үдерісіне тиісті бақылау жасаудың маңызы туралы айтты.