Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Екеуара келіссөздерден соң қос Президент бірлескен мәлімдеме жасады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ресми қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін Шавкат Мирзиеевке ризашылық білдіріп, осы мемлекеттік сапардың маңызын атап өтті.
Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мықты әрі үйлесімді екіжақты қатынастарды қалыптастыруға зор үлес қосты. Сіздер де екі мемлекеттің көшбасшылары ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арысындағы ынтымақтастықты биік деңгейге көтердіңіздер, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың сапасы мен ықпалдастықтың мазмұнына жоғары баға берді, сонымен бірге келіссөздердің күн тәртібінде тұрған барлық мәселе бойынша жемісті пікір алмасатынын айтты.
Менің міндетім байланыстарымыздың сабақтастығы мен жоғары қарқынын сақтау деп ойлаймын. Мен де өз тарапымнан қазақ-өзбек ынтымақтастығының еш кедергісіз өркендеп, дамуына барлық мүмкіндікті жасаймын. Кеше саяси, тарихи, мәдени, гуманитарлық сияқты бірқатар мәселеге қатысты алдын ала пікір алмастық және тарихи тұрғыдан халықтарымызға ортақ көп дүние бар деген түсінікке келдік. Бізді ортақ тарихи тағдырымыз, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіреді, — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевке Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, бұл шараның екі мемлекет халқын жақындастыру тұрғысынан алғанда аса маңызды екенін атап өтті.
Шавкат Мирзиеев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылық білдірді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ролін ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында өзара қарым-қатынастарымыздың жоғары деңгейге көтерілуіне қол жеткіздік. Сіз де министр, Премьер-министр, Сенат төрағасы қызметтерін атқарған кезіңізде екі ел байланыстарын жақсартуға септігіңізді тигіздіңіз, — деді Шавкат Мирзиеев.
Өзбекстан Республикасының басшысы қазақстандық тарапқа екіжақты байланыстардың нығаюына тың серпін берген Қазақстандағы Өзбекстан жылын табысты өткізгені үшін ризашылық білдіріп, атап өтті.
Жоғары дәрежеде өткен келіссөздер барысында ел басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Президенттер Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт пен 2013 жылғы 14 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартта бекітілген принциптер мен міндеттемелерге бұлжымас беріктігін растай отырып, бірлескен мәлімдеме жасады.
Мәлімдеме мазмұны мынадай:
Қазақстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықтың стратегиясын жүйелі орындау екі елдің стратегиялық мүдделерінің бірлігіне негізделген, экономика саласындағы өзара тиімді және жемісті ықпалдастықты ұлғайтуға қызмет етеді.
Екіжақты сауданың оң қарқынын ризашылықпен атап өте отырып, мемлекет басшылары екіжақты сауда көлемін 2020 жылдың соңына 5 миллиард долларға дейін өсіруді, оның құрылымын әртатаптандыруды, сонымен бірге өңіраралық ықпалдастықты қоса алғанда, экономикалық кооперация мен инвестициялық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді жаңа нысандарын дамытуды қамтамасыз етуге өз ұмтылыстары бойынша ортақ пікірде.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 2018 жылғы 16 қарашада Шымкентте өткен алғашқы Өңіраралық ынтымақтастық форумының және 2019 жылғы 15 наурызда Ташкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің бірінші өңірлік экономикалық форумының қорытындыларын оң бағалады.
Мұндай форматтар екіжақты және өңірлік деңгейлерде өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен ұлғайтуға, сауда, инвестициялар, логистика салаларындағы жаңа перспективті жобаларды іске асыруға, интеграцияланған өнеркәсіптік технопарктер, ғылыми-инновациялық кластерлер мен еркін экономикалық аймақтарды құруға септігін тигізеді.
Президенттер екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның қызметін жандандыру мен жетілдірудің, сонымен бірге екі елдің Үкімет басшыларын тең төрағалар етіп тағайындау жолымен оның статусын көтерудің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшылары халықаралық саясаттың өзара мүдделі, маңызды мәселелері бойынша тараптар ұстанымдарының ұқсастығын растады және Орталық Азияның гүлденуі мен халықтарының игілігі үшін тұрақтылық пен қауіпсіздік атмосферасын нығайтуға қолғабыс етуге екі жақтың да ұмтылысын атап көрсетті. Тараптар ШЫҰ, ТМД, АӨСШК мен басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Өзбекстан лидері Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүдделерін халықаралық аренада ілгерілету мәселелеріндегі қызметіне жоғары баға берді.
Елдердің басшылары БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар шеңберінде екі тараптың халықаралық бастамаларын өзара қолдау бойынша екі ел ұстанымдарының мызғымастығын растады.
Тараптар өңірде және жалпы әлемде қалыптасып отырған ахуалды бағалаудағы ортақ ұстанымдарды атап көрсетіп, өңірдегі қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұру мен олардың алдын алуға бағытталған, ең алдымен екіжақты форматта және көпжақты құрылымдар шеңберінде халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, есірткі трафигіне, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қонға және басқа да проблемаларға қарсы күресте бірлескен шаралар қабылдауды жақтап сөйледі.
Мемлекет басшылары Ауғанстан Ислам Республикасын (АИР) қалпына келтіру үдерісіндегі күш-жігерлерді біріктіруге маңыз береді. Қазақстан мен Өзбекстанның Президенттері АИР экономикасын жаңартуға бейілділіктерін растады және Ауғанстанмен ұзақ мерзімді тату көршілік ынтымақтастықты өрістету, соның ішінде көлік коммуникациялары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ірі жобаларды іске асыру жолымен дамыту қажеттігін жақтайды.
Ауған басшылығы жүзеге асырып жатқан бейбітшілік пен татуласуға қарай қадамдарды қолдау үшін «Бейбіт үдеріс, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және өңірлік өзара ықпалдастық» атты Ауғанстан жөніндегі Ташкент конференциясын қоса алғанда, өңірлік және халықаралық форумдардың маңыздылығын атап көрсете отырып, екі ел басшылары Ауғанстандағы бейбіт үдеріске мүдделі халықаралық қоғамдастық пен көрші мемлекеттердің күш-жігерлеріне жәрдемдесуді жақтады.
Қазақстан Президенті 2020 жылы Ташкентте Ислам Ынтымақтастық Ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар бойынша екінші саммитін өткізуге қолдау білдірді. Тараптар 2017 жылғы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммитінің жұмысын жоғары бағалап, оның қорытындылары мен шешімдерін жүзеге асыруды ИЫҰ екінші саммиті шеңберінде жалғастыруға уағдаласты.
Мемлекет басшылары қорғаныс және әскери-техникалық саладағы, сонымен бірге ғарыш зерттеулері мен әзірленімдер саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жәрдемдесу ниеттері туралы мәлімдеді.
Екі мемлекеттің басшылары Арал теңізі бассейніндегі нақты бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша өңір елдерінің халықаралық ұйымдар, қаржылық және экологиялық институттармен ықпалдастығын кеңейту арқылы Аралды құтқарудың халықаралық қоры шеңберіндегі ынтымақтастықты жандандыруға өзара мүдделілікті растады.
Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының мәдени, тарихи және рухани бірлігін атап өте отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев ғылым, білім беру, мәдениет, өнер, туризм, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға бейілділіктерін растады.
Тараптар 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылының сәтті өткізілуін және 2019 жылғы 15 сәуірдегі Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылуына ризашылық білдірді. Мұндай іс-шаралар қазақ және өзбек халықтарының бауырластығы мен рухани туыстығының, екі елдің шынайы достығы мен тағдырларының ажырамас жақындығының нышаны екенін, сонымен бірге халықтар арасындағы тату көршілік қатынастарды нығайтуға, өзара түсіністік пен сенімді, көршілік қолдауды тереңдетуге жәрдемдеседі деп атап өтті.
Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау үдерісінің сәтті жүріп жатқанын, сондай-ақ екі елдің шекара маңындағы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуды, трансшекаралық экономикалық байланыстар мен гуманитарлық алмасуларды жандандыруды, азаматтардың өзара сапарларын арттыруға септігін тигізетін өткізу бекеттері қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуді құптады.
Екі елдің Президенттері өз аумағында тұратын екінші тарап өкілдерінің этникалық, тілдік және ұлттық мәдениеттерін сақтау мен дамыту үшін ынтымақтастықты нығайтуға, тараптардың заңнамаларына сәйкес олардың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға ниеттерін растады.
Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы екіжақты және көпжақты қол қойылған шарттарды уақытылы және сапалы жүзеге асырудың, сонымен бірге екі мемлекет арасындағы шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейтудің маңызын атап көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевке, бүкіл өзбек халқына жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғысын білдірді және Өзбекстан басшысын оған ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісіледі.