Бақыт Сұлтанов

Нұр-Сұлтан әкімі Facebook-ті қолдануды 2012 жылы «Жұмыс істеу керек» деген жазбамен бастаған. Қазір оның 2 мыңнан астам жазылушысы мен 5 мыңға жуық «досы» бар. Елорда әкімі оқырмандарын мереке күндері құттықтап, өзінің қызметіне қатысты маңызды жаңалықтарын бөлісіп отырады. Оның соңғы жазбаларындағы әр екінші пікірдің бірінде астананың атауы өзгертілуіне наразылық білдірген. Бірақ Бақыт Сұлтанов оларға жеке хабарлама жазбаса, жария етіп, ешбіріне жауап қайтармаған.

Президент тапмырмасынан кейін Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері мен қалалық басқарма-департамент басшыларына тұрғындармен тығыз байланыс орнату үшін әлеуметтік желілердегі жұмысты жандандыруды тапсырған еді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша аудан әкімдері мен басқарма басшылары қала тұрғындарымен тұрақты байланыста болуға тиіс. Контенттің мазмұнына ерекше назар аудару қажет. Сонымен бірге белгілі бір әлеуметтік желіге ғана қосылудың қажеті жоқ. Аудиторияны нақты білу әрі сезіну керек. Мысалы, менің білуімше, оқушылар мен студенттер «ВКонтакте» желісін пайдаланады. Сондықтан білім басқармасының қызметкерлері Facebook-те ғана емес, «ВКонтакте» желісінде де болуы керек. Twitter-ді инвестицияларды тарту, брендтің атын шығару үшін пайдалануға болады. Сондықтан бұл тапсырманы орындауға жүйелі түрде кірісу керек, — деген еді Бақыт Сұлтанов.

Осыдан кейін Нұр-Сұлтан әкімдігі шенеуніктердің жеке байланыс мәліметін алғаш болып жариялады. Енді астаналықтар шағымдарын тікелей қала әкіміне емес, аудан әкімдеріне жаза алады.

Бауыржан Байбек

Алматы әкімі 7 сәуірде Twitter-ден жеке парақшасын ашты. Әзірше оның 1000-нан астам оқырманы бар. Желіге жаңадан қосылған әкім бірден атқарылып жатқан істеріне есеп беруді бастап кетті. Оқырмандардың бірі желіге қосылуымен құттықтап, жиі жазып тұруын өтінсе, көбі қала мәселелерін көтерген. Тұрғындар қаладағы арықтардың тазартылмағанын және көлік кептелісі жиі болатынын айтып, шағымданған. Олардың жазуынша, Бауыржан Байбек қалаға әкім болып келгелі көлік қозғалысы қиындаған.

Мегаполис әкімінің парақшасынан кері байланыс байқалмайды. Дегенмен қала әкімдігінің жаңалықтарын тікелей әкімнен естіп отырудың өзі және жауапсыз болса да, тұрғындар шағымын оңай жеткізе алуы аз да болса, жақсы өзгерістің барын білдіреді.

Ғабидолла Әбдірахымов

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы Шымкент әкіміне таңсық болмады. Өйткені оның Twitter-ді қолданып келе жатқанына сегіз жыл болды. Қазір 5 мыңға жуық оқырманы бар. Ғабидолла Әбдірахымов парақшасында қызметінен тыс оқиғаларды жазып, әдеттегі желі белсендісі сияқты көңілді жазбалар да жариялап тұрған. Әкім ұзақ үзілістен кейін 2 сәуірде жариялаған жазбасында тұрғындардан әкімдік жұмысына қатысты ұсыныстар күтетінін жазған.


Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындардың автотұрақ салу, оқулықтар мен қоғамдық көліктерге қатысты шағымын ескеретінін айтып, пікір жазған. Бұл әкім басқа мегаполис әкімдеріне қарағанда ең белсенді, қарапайым әрі кері байланысқа шыға білген әкім ретінде көзге түсті.

Оңдасын Оразалин

Ақтөбе облысы әкімінің Facebook-тегі алғашқы жазбасы 22 наурызда жарияланған. Жеке өзінің атынан ешқандай жазба жазылмаса да, оқырмандарының тегтеуінен әкімнің қаншалықты жұмыс атқарып жатқаны білінеді. Ашылғанына аз уақыт өтсе де, әкімнің парақшасында біраз мәселе көтерілген. Шағым көбіне қала жолдарының сапасына қатысты жазылған. Тұрғындар мәселесін айтып, әкімнің парақшасын тегтеу арқылы да сұрақтарына жауап алған. Облыс әкімінің парақшасында қала әкімі Ілияс Испанов және әр саланың басшылары тұрғындармен кері байланыс орнатқан.

Ақтөбеде аудан әкімдеріне де әлеуметтік желіні қолдану бойынша сабақтар өткізілген.

Құмар Ақсақалов

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің де желіге жаңа қосылғанымен белсенді қызмет етіп жатқанын жазбалары мен оқырмандарына берген жауабынан-ақ байқауға болады.

Әкім тұрғындардың әрқайсысына жауап беріп, бірден қарамағындағыларға тапсырма беріп жатыр. Оқырмандар көбіне әлеуметтік мәселелерді көтерген.

Құмар Ақсақалов тұрғындарға су тасқыны қаупі барын ескертіп, сақ болуға шақырған.

Ерлан Қошанов

Қарағанды облысының әкімі Twitter-де белсенді. 312 жазылушысы бар әкім тұрғындардың шағымына арнайы жазба арқылы жауап берген.

Ерлан Қошановқа мәселесін айтқандардың өтініші жауапсыз қалмаған.

Амандық Баталов

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін желіге тіркелген әкімдердің бірі — Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. Ол Facebook-те жеке парақшасын ашты. Әкім тұрғындарды осы парақша арқылы облыстағы жаңалықтармен танысуға, диалог арқылы өңірдегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. Қазір оның 2 мыңға жуық жазылушысы, 3 жүзден аса «досы» бар.

Әкімнің бұл қадамына облыс тұрғындары басында күмәнмен қарап, кейін көз жеткізгенін жасырмады. Амандық Баталов қазақ және орыс тілдерінде маңызды жаңалықтарын бөлісіп жүр. Дегенмен тұрғындар әкімнің орыс тілінде көп жазатынын айтып, наразылық білдірді. Мәселелерін айтып, көп шағымданатындар әсіресе ауыл тұрғындары. Бірі ауылдарына бірнеше жылдан бері су келмегенін жазса, бірі дұрыс жол салып беруін, ал енді бірі тұрғын үй мәселесін көтерген. Әкім оларға жекеге хабарлама жазуын өтінген.

Ералы Тоғжанов

Маңғыстау облысы әкімінің Facebook-те үш парақшасы бар. Кеше Ералы Тоғжанов 2017 жылы ашылған соңғы парақшасында «Каспий» — «Шахтер-Болат» футбол клубтарының ойынына барғанын ғана жазған. Әкімнің бұрынғы парақшаларында тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты сұрақтары жауапсыз қалған.

Ермек Маржықпаев

Ақмола облысының әкімі Facebook пен Instagram желілеріне 31 қаңтарда тіркелген. Оның Facebook-те 95 «досы» болса, Instagram-да 4 мыңнан астам оқырманы бар. Ермек Маржықпаев алғашқысына қарағанда соңғы желіде белсенді. Ол облыс әкімдігі атқарып жатқан істер туралы хабарлап отырады. Бірақ тұрғындар шағымдары мен ой-пікірлерін жазып жатса да, әкім жауап қайтармаған.

Нұрлан Ноғаев

Атырау облысы әкімінің жеке парақшасы жоқ. Дегенмен қарамағындағыларға халыққа ашық болуды тапсырған. Қазір әкімдік пен халық арасындағы байланыс Telegram желісіндегі «Атырау облыстық әкімдігі» қосымшасы арқылы орнаған. Тұрғындар сауалдарын сонда жібере алады. Әкім қоластындағы халыққа ашық болмаған қызметкерлерге шара қолданатынын да айтқан.

Қазір әлеуметтік желілер арқылы мәселелер шешіліп жатыр. Telegram желісіндегі «Атырау облыстық әкімдігі» қосымшасына тұрғындардан сауалдар көп түседі. Мысалы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер телімдерін, баспана бөлу саларында. Тұрғындардың сауалдарына жедел жауап беру арқылы көп мәселелерді шешеміз. Барлық басшыларға өз қызметтеріне ішкі талдау жүргізу керегін ескертемін. Telegram-да әр ауданның чат-каналы ашылды. Қазір азаматтармен қалай жұмыс істеп жатқандарыңызға қарап отырмыз, кейбір аудандарда тек қолайлы сауалдарға жауап беру кездесуде. Бұлай болмайды. Ескертуді қаперге алмаған басшыларға шара қолданылады, — деген еді Нұрлан Ноғаев аудан әкімдеріне.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аудан әкімдерінің чат-каналдары бойынша талдау жүргізіледі, соның негізінде әр ауданның ашықтық рейтингі жасалады.

Даниал Ахметов

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Facebook-ке 5 сәуірде тіркелген. Оның әзірге 866 жазылушысы мен 93 «досы» бар.

Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың барлығына өз ықыласымды білдіремін. Коммуникацияның бұл түрі әр қазақстандықтың өміріне берік кіріп, ой алмасып, пікір білдірудің тиімді құралына айналды. Сондықтан Facebook, Instagram және Twitter-де жеке парақшамды ашуды жөн деп таптым. Жаңа сұxбат алаңдары сіздермен өңірдің өзекті мәселелерін талқылап, олардың жедел шешілуіне мол мүмкіндік береді деген ойдамын, — деп жазған Даниал Ахметов Facebook-тегі алғашқы жазбасында.

Бірақ Шығыс Қазақстан облысы әкімін басқа желілерден таппадық.

Өмірзақ Шөкеев

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін желіге қосылған әкімдердің бірі — Өмірзақ Шөкеев. Енді Түркістан облысының әкімін Facebook-тен таба аласыз. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерді пайдалану — уақыт талабы. Ол алғашқы жазбасында желі арқылы аймақтағы жаңалықтарды және өзгерістерді хабарлайтынын айтқан. Енді Түркістан облысының тұрғындары әкімге ұсыныс, өтініш, тілек пен шағымын #Shokeevke_suraq хэштегі арқылы жаза алады.

Маған сіздердің пікірлеріңізді білу және ұсыныстарыңызды қарап, жауап беру маңызды. Енді #Shokeevke_suraq хэштегі арқылы пікірлеріңізді, тілектеріңізді қалдыра аласыздар. Бүгінгі күні қасиетті қалада ауқымды өзгерістер болып жатыр, жаңа қала салынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қызу түрде жалғасады. Менің алдымда үлкен міндеттер тұр. Басты мақсат — облыс халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту, — деп жазды Өмірзақ Шөкеев.

Алтай Көлгінов

Батыс Қазақстан облысының әкімі Twitter-ді 2017 жылдан бері пайдаланады. Ол парақшасында өзі басқаратын өңірдің ғана емес, еліміздің жаңалықтарын да бөлісіп отырады. 545 жазылушысы бар әкімге мәселесін айтып, пікір жазғандар жоқтың қасы.

Алтай Көлгінов 3 сәуірде Instagram-нан жеке парақшасын ашты.

Әлеуметтік желілерден Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың жеке парақшасын таппадық. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің Facebook-тегі парақшасы 2013 жылдан бері жаңартылмаған.