Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығын аралады

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығына барды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығын аралап, Shymkent city жаңа ауданының және әуежайдың жаңа терминалының макетін көрді. «Ескі қалашық», Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру және «Тұран» шағын ауданының инженерлік инфрақұрылымын салу жобаларымен танысты.

20,5 гектар аумақты қамтитын әкімшілік-іскерлік орталық заманауи инфрақұрылымымен, өмір сүруге және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалғандығымен ерекшеленеді, сонымен бірге қала құрылысы мен сәулетінің қазіргі стандарттарына сай келеді, — деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қаланың жаңа ауданында жалпы аумағы 201,2 мың шаршы метрді қамтитын 2 990 пәтері бар 47 үй салу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркістанда болған еді. Жаңа Президент алғашқы жұмыс сапары үшін Түркістанды әдейі таңдаған. Ол алдағы жоспары мен қоғамдағы мәселелерді шешуге байланысты ойын дәл осы қасиетті қалада жария еткісі келгенін айтты.