Qazaqstan ұлттық телеарнасы JańǵyryQ жобасын таныстырды.

Шараға жобаның продюсері, Maqpalsher жобасының авторы Мақпал Жұмабай, әнші-авторлар Мархаба Сәби, Аршат Хайролла, Ербол Нариманұлы қатысты.

JańǵyryQ – авторлық музыка мен жанды дыбысты насихаттайтын еліміздегі бірден-бір музыкалық жоба. Бұл жоба музыка саласындағы авторлық көзқарас пен орындаушылық өзгешеліктерді көрсетуімен құнды. Жоба бұқаралық сипат алған бүгінгі ән өнеріне жаңа тыныс береді. Сол арқылы өзіндік әуезі мен ұстанымы бар авторлардың қалыптасуына себеп болмақ. Осы арқылы жаңа музыкалық бағыттардың, мәдени қауымдастықтардың тууына ықпал етеміз деп сенеміз, — дейді жоба продюсері Мақпал Жұмабай.

JańǵyryQ жобасы
Фото: Qazaqstan ұлттық телеарнасы

JańǵyryQ жобасы төрт концерттен тұрады. Ерекшелігі — әр орындаушының музыкалық тобы бар және ол өзінің авторлық туындыларын ғана орындайды. Жобаға экспериментал электрон музыка өкілдері де қатысады. Ал түсірілім бір дубльмен, концерттің шынайылығын сақтау арқылы жүзеге асқан. Дыбыс пен видео сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы режиссерлық топ пен дыбыс режиссерлеры жұмыс істеген.

Бір жыл бұрын жанды дауыстағы концерттер мен live форматтағы жобаларға ғана қатысамын деп шешім қабылдаған едім. Дегенмен бұл ұстанымымызды жүзеге асыратын алаңдар аз болды. Осы ретте Qazaqstan телеарнасының бұл бастамасы өте маңызды. Мұндай жобалар әнші-авторлардың шығармашылық мүмкіндігін ашуға, жанды дыбыстың салтанат құруына және тыңдарманның талғамынынан шығуға ықпал етеді, — дейді әнші Мархаба Сәби.

Жобаға 12 орындаушы қатысты. Олар — Moldanazar тобы, Мархаба Сәби, Satzhan project, Maqpalsher, Darkhan Juzz, Jeltoksan, DAMU, Qonyratbay Fam, Qudyr, ARShAT, ámir.

Осындай жанды дауыстағы музыканы халыққа тура, бетпердесіз жеткізіп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бізде мұндай жоба бірінші рет өткелі отыр, сондықтан қобалжимыз. Бұл — біз үшін үлкен тәжірибе. Әрбір уақыттың толқыны мен желісі болады. Ол әрдайым болған, болады да. Ең маңыздысы, біздің оны қалай жеткізетініміз. Осындай жобалар жалғасатын болса, музыкамыз үшін керемет серпіліс болады деп ойлаймын, — дейді Ғалымжан Молданазар.

Satzhan project жобасының жетекшісі Сәтжан Шәменовтің пікірінше, JańǵyryQ еліміздегі музыка сапасының көтерілуіне септігін тигізіп, жанды дыбыстың қозғалыс ретінде дамуына ықпал етпек.

JańǵyryQ жобасы ұлттық арнадан 6 сәуір күні сағат 11.40-тан бастап көрсетіледі. Жоба идеясының авторы — Ерлан Қарин, продюсері — Мақпал Жұмабай, қоюшы режиссеры — Тоғжан Құрманжанқызы, дыбыс режиссеры — Оралхан Сәдуақас.