Мақпал Жұмабай өзін не себепті анимация кейіпкеріне айналдырғалы отыр?

Өткен аптада Алматыда мақамды жырлар авторы Мақпал Жұмабайдың AÝA атты концептуалдық концерті өтті. Концерттен кейін ақынмен әңгімелесудің сәті түсті. Ол бізге қазақ өнерінде алдағы уақытта болатын өзгерістер, "Мақпалшер" жобасының жоспарлары туралы және шығармашылық ұжымы жайлы айтып берді.

Ел білетін Мақпал Жұмабай — ақын, әнші, суретші, менеджер, ана. Мақпалдың жан дүниесі осылардың ішінде кімді бірінші деп мойындайды? 

Егер бөліп қарайтын болсақ, олардың әрқайсының функцияcы, жеке орны бар. Бірақ соның ішінде маған жақыны, бәлкім, ана Мақпал және ақын Мақпал болар. Қалғандары — кәсіби дүниелер. Табиғатыма тізімдегі осы екеуі ұнайды. Бұл жақта өзімді жайлы сезінемін.

Мақпал Жұмабай
Фото: Әйгерім Бегімбет

Аудиторияңызды бір төбеге қойғанда сіздің суреттеріңізді суретшілер, мақамды жырларыңызды кәсіби музыканттар құрметтеп жатады. Сан қырлы болып қалыптасуыңызға кім әсер етті?

Әрине, барлық адамға отбасы, ата-анасы, бауырлары, ортасы әсер етеді. Бірақ ол ұядан сіз бір күні ұшып шығасыз. Қандай жағдай болса да, бойыңыздағы бар қасиетті, қабілетті құрметтемесеңіз, өте үлкен қылмыс деп есептеймін.

Өнерім үйдің ішінде ғана болғанда, бойжеткен кезімде, өлеңім басқаларға жетпеген уақытта маған анам ғана сенетін. Шығармашылық тағдырыма ықпал еткен жан — анам.  Бүгінге дейін оның сыны мен үшін бәрінен артық. Өнер туралы сөйлесіп отырғанда ол маған дұрыс жолды көрсете алады. Анам Биғайша Медеуова да — ақын, Жазушылар одағының мүшесі. Мен оны үлкен ақын деп бағалаймын. Дүниеде ешкімнің пікірі маған әсер етпеуі мүмкін, бірақ мен сол кісінің ғана сынынан тайсаламын. Әзірге анамның көңілін қалдырған жоқпын деп ойлаймын. Ол жалған өнерді, халтура дегендерді көтере алмайды. Ол бізге шыншыл болуды, таза өнерді жасауды үйретті.

Өнер бір кезде ғана сенікі болады, сенің аузыңнан шыққан соң, өнерге айналған соң ол сенікі емес. Ол басқа адамдардікі бола бастайды. Мысалы, кешегі AÝA атты кеште болған әр адам өнер туралы өз көзқарасын ала кетті.

Өнеріме әрқашан нәресте ретінде қараймын. Нәрестеге ерекше күтім қажет, оны аялап дамытуың тиіс, оған жүрегіңдегі мейіріміңді салуың керек. Егер олай болмаса, өнерің дұрыс өспейді. Ол сәби ешқашан өсіп, азамат болып кетпейді. Ол жүректегі бесікте жүреді. Өнерімді сондай деңгейде сезінемін. Маған көрерменнің, оқырманның пікірінен гөрі ішімдегі дауыстың пікірі әлдеқайда маңыздырақ. Сондықтан мен оның алдында ақ болу үшін бәрін істеймін. Бұл концерт маған соншалықты жан рахатын сыйлаған жоқ. Бірақ оны басқа адамдарға сыйлай алдым деп ойлаймын және мен өнерімнің айтқанын орындадым. Өнер менен бұдан да көп нәрсені талап етеді. Оны орындай алатынымды анық білемін.

Жыр қалай ауаңызға айналды? Оны қалай дамыттыңыз? 

Мұндай деңгейде бірден жұмыс істеу мүмкін емес. Бұған адамдар ай сайын, күн сайын қадам басады, сатымен шығады. Өнер үлкен түсінікті қажет етеді. Музыкалық жетекшім, аранжировка жасаушы Бейбіт Ақошевпен жұмыс істегеніме сегіз жылға жуықтады.

Мақпал Жұмабай
Фото: Әйгерім Бегімбет

Өзімді, өнерді жоғалтып алмау үшін шағын кештер жасадым. Бір адамдар «Өзіңді жарнамалап жүрсің бе?» деп сұрады. «Жоқ, мен жанымды сақтап жүрмін» деп жауап берген едім. Қазір бұрынғыдай өзімді дәлелдеуге тырыспаймын. Жанымның айтқанын істеймін. Дәл қазір маған көрермен, оқырман қалай қабылдайды дегеннен қандай әсер алдым деген маңыздырақ.

«Мақпалшер» жинағы шыққанда «Сәбиіндей мәпелеп, құндақтап кітап шығарған адамды алғаш көруім» деп баға бергендер де болды. Кез келген туындыңызды өзгеше етіп шығаруға ұмтылатыныңыз байқалады. Шығармашылығыңызды қалай зерттейсіз?

Барлық нәрсені ауадан сезуге болады. Әлемдік өнер қандай жаңалықтар әкеліп жатыр? Алдағы уақытта ол қалай өзгереді? Қазақ өнері қалай жылжып барады, кім алдыда? Соның бәрін өзіме белгілеймін. Оларды бақылаймын. Әр өнер адамы оны сезіп үйренуі керек. Ол міндетті түрде елдің аузындағы бағыт, адам, кітап болмауы мүмкін. Мысалы, сән өнерін алайық. Түйсігі мықты дамыған сәнгер алдағы уақытта болатын өзгерістерді алдын ала сезіп қояды, концепциясын жасайды. Сол үздік болады.

Өнер әрқашан даралықты қажет етеді. Сіз оны ешқашан қолдан жасай алмайсыз. Ол оқығаннан, көргеннен, тәжірибеден, тәрбиеден, ортадан жинақталады. Осы ғана өнердегі даралыққа апарады. Өмірде басқа, өнерде басқа бола алмайсыз. Ол екеуі — тұтас дүние. Өнерімнің белгілі бір деңгейде шынайы екенін білемін, оның өтірігі жоқ. Сондықтан ол өзгешелеу болып көрінуі мүмкін. Сондықтан да өнердегі жастарды соған шақырамын. Өзіңді тыңда, даралығыңды сезін. Даралықты дамыту үшін көп іздену керек. Оны ауадан сезіп үйрену керек. Жер әлемі кішкентай ғана, ондағы өзгерістерді, әсіресе, өнердегі өзгерістерді бақылап отыру соншалықты қиын емес. Дүниені зерттеу сіздің күнтәртібіңізге айналуы керек.

Түйсігіңіз «қазақ өнерінде алда кетіп бара жатыр» деп кімдерді атайды?

Қазақ өнерінің көп саласы алдағы үш-төрт жылда көп өзгерісті өткереді. Оның алды Самал Еслямованың Канн фестивалінде бас жүлде алуымен, Димаш Құдайбергеннің дүниежүзін шарлауымен басталды. Дүниежүзіне өнерді сыйлау үшін халықтың санының көп болуы қажет емес. Оған экономикалық жағдай да әсер етпейді. Ол табиғи түрде пісіп, жетіледі. «Тұлғалар тумай, келмей жатыр», «оларға көмектеспей жатыр» деп айтады. Бар нәрсе ешқайда жоғалмайды. Осы кезге дейін тұлғаларымыз әлемдік деңгейге шықпаса, олар бұрын болған жоқ. Ал шығып жатыр ма? Демек, олар табиғи, биологиялық тұрғыда қалыптасты. Ол бір күнде пайда бола салатын нәрсе емес.

Димаштың бір күнде жарқ етіп шыға салуы үшін қаншама жыл керек болды. Біздің өнердегі, рухымыздағы ерекшеліктің бәрі бір тылсым күшпен Димаштың жүрегіне барып қонды. Ол сонымен бүкіл әлемге шықты. Димаш жалғыз адам емес, оның бойында қазақтың барлық арман-мұраты, мұңы, өкініші бар. Оның ән айтқанын көрсеңіз, 20-дан енді асқан балаға еш ұқсамайды. Ол өмірге ғұмырды көріп тастаған адамның көзімен қарайды, бүкіл азапты кешкен, бар қуанышты сезінген адамның даусымен ән айтады. Ондай деңгейде болу үшін үлкен  процестер өтуі қажет сияқты.

Самал да сол тәрізді. Оның жеңісі — бүкіл қазақтікі. Самал жеңген кезде біз сияқты өнер адамдары өзіміз фестивалді жеңгендей сезімде болдық. Өйткені ол — табиғи процесс, оған барлығымыздың энергиямыз, рухымыз, қоғамдағы құбылыстар әсер етті. Бұны жеке тұлғаның жетістігі деп қарамауымның себебі — осы. Алдағы уақытта осындай дүмпулер болады. Оларды жасайтын адамдардың кейбірін көріп те жүрмін. Бірақ олардың кім екенін қазір айтуым жөн болмас. Өйткені оларды өзім де бақылап жүрмін. Бұл — маған да сын. Біреуге үміт арту — үлкен жауапкершілік. Ол оны білмеуі де мүмкін. Бірақ халық алдағы уақытта оларды танитын болады.

Қазір жасап жүрген дүнием менікі ғана емес. Бұны осыған дейін болған өнерлердің, құбылыстардың мен арқылы шығуы деп есептеймін. Әрине, бұл — жеке адамның тағдыры. Бірақ ол сенен шығып кеткен соң «сенікі» болудан қалады.

«Балапан» телеарнасының директоры қызметіндесіз. Шығармашылықты, қызметті, отбасыны қатар алып жүруді қалай үйлестіресіз?

Барлық адамға берілетін уақыт бірдей. Мәселе кімнің оны қалай жұмсайтынында. Соңғы жеті-сегіз айда шығармашылығыма тек бір мезгілді бөле алдым. Ол — үйден жұмысқа, жұмыcтан үйге баруға кететін уақыт. Осы аралықта 20 минут жаяу жүремін. Оны шығармашылық үшін пайдаланамын. AÝA-ның қалай өтетінін жоспарладым. Концерт — AÝA-ның бірінші бөлігі, ол әлі де жалғасады. Алдағы уақытта «Ауа» деп аталатын заманауи өнер кеңістігін ашқымыз келеді және ол өнер адамдары шоғырланатын  ортаға айналатынына сенемін. Дайындалу, оны өнімге айналдыру — практикалық дүние, ал концепциясын жасау — екеуі басқа нәрсе. Не жасайтыныңызды, қалай жасайтыныңызды түсініп алсаңыз, ұйықтап жатып та, балаңмен ойнап жүріп те, тамақ істеп те ойлануға болады.

Мақпал Жұмабай
Фото: Әйгерім Бегімбет

«AÝA маған ауадай қажет» деген екенсіз. Тыныстай алдыңыз ба?

AÝA маған жаңа дүниені бастауға мүмкіндік берді. Концертке дейін AÝA-ның не екенін айтқан жоқпын. Біздің өміріміздің әр сәті, адамдар, сөздер, ойлар, эмоциялар — барлығы ауада қалады. Ауа — мәңгілік.  Мен бұл жерде ауаны физикалық элемент ретінде қарастырмаймын. AÝA өте үлкен ой айтып отыр. Онымен шығармашылығымның жаңа кезеңін бастадым.

Мақпалды алдағы үш-төрт айда анимациялық кейіпкер ретінде шығарамыз. Кейіпкер қазір істеп жүргенімнің бәрін өзі жеткізеді. Ән айтады, бейнебаяны шығады, «Мақпалшер» жобасындағы идеяларды жүзеге асырады. Дәл қазіргі сәтте өнерім туралы өзім шығып айтуға мәжбүрмін. Соның барлығын кейіпкерге тапсырғым келеді. Ол үшін үлкен топ жұмыс істейтін болады. Өзіңді барлық нәрсеге араластырып жүру өте қиын. Мен көпшіл емеспін, көпшіліктің ортасында жүргім келмейді. Ешқашан публиканың адамы болмадым. Соның барлығынан өзімді құтқарғым келеді.

Анимациялық кейіпкер біздің өнер үшін жаңа нәрсе болады. Бұл — ұзақ уақыт бойы пісіп, жетілген идея. Оны кеңістіккке жібергеннен кейін басқа жобалармен айналысуыма жол ашылады деп сенемін, ол мені алға жылжытады.

Ұжымыңыз туралы айта кетсеңіз.

Тобымыздың тұрақты жұмыс істегеніне бір жылдан асты. Оған дейін Бейбіт Ақошев жырларымның аранжировкасын жасады. Былтыр ақылдаса келе жобаны жаңа дейгейге шығаруды ұйғардық. Ол кісі музыкалық жетекшім болуға келісті. Бүкіл музыкалық, техникалық мәселелерді Бейбіт аға реттейді. Әр музыкантпен жұмыс істеу, әрқайсының партиясын, өлеңнің аранжировкасын жасау, жырға сәйкестендіру — үлкен жұмыс. Мен тек нәтижесіне келіп қосыламын. Бұл үлкен мүдделістіктен туындады. Ол да еркін жұмыс істейді, екеуіміздің еркіндігіміз қосылған AÝA концерті жасалды.

Мақпал Жұмабай
Фото: Әйгерім Бегімбет

Қазақтың ән өнеріне үлкен өзгерістер қажет, оны әр музыкант күтіп жүр. Идеяларымды тың дүние, underground деп бағалап жатқандары бар. Бұл — әрине, үлкен қолдау. Ұжымымдағылар бір-бірін сезеді, кімге не керек екенін ұғынамыз. Осы концертке сегіз айдай уақыт дайындалдық. Соңғы айда дайындықты күшейттік. Мен Астанада, ұжым Алматыда. Әр демалыста келіп бірге дайындалып жүрдік. Менің дауысымның жазбасы бар, аспаптар бойынша ұжым жазбамен дайындалды. Ұжымның тамыры бірігіп кеткен тәрізді, бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтын тірі ағзаға айналдық. Бізге қашықтық әсер етпеді. Шекаралар тек адамның миында деген рас екен.

Baribar.kz сайтын 16-35 жас аралығындағы аудитория оқиды. Осы жас аралығында нені ескеру керек?

Сіз өзіңізді танымауыңыз мүмкін. Өзіңізді тануға әрдайым мүмкіндік беруіңіз керек. Әрбір сәттен, кездесуден, кездейсоқ жолыққан адамнан да бірдеңе алуға тырысыңыз. Егер ештеңені байқамай жүре берсеңіз, бәрін жоғалтуыңыз мүмкін. Осы жас аралығы — өзіңізді зерттейтін, танитын кез. Бос жүрмеңіз. Бұл кезең өміріңіздің өзегі болуы мүмкін.

Не қалайтыныңызды түсінуіңіз керек. Басқа жақта кетіп бара жатсаңыз, өзіңізді тоқтатыңыз. Адам не қаласа, соны істегенін қалаймын. Олай болмаса, өмір түрмеге айналады. Адам өмірін жақсы жағынан күрт өзгерте алады. Өзіңізден қашпауыңыз керек. Тоқтап, «Иә, мен мойындаймын, мынау дұрыс емес болды» деп шешім қабылдау керек. Адам түбінде өзгеру керек екенін түсінеді. Бірақ ол кезде кеш болуы мүмкін.  Уақытыңыз, қуатыңыз жетпесе, қайтесіз? Сеніміңізді жоғалтасыз.

Адамның барлығы анадан туғанда бірдей болып туады. Онда қанмен берілетін мінездер болады. Бірақ қалған нәрсенің бәрін адам өзі жинайды. Керегін алу керек, керек емесін тастау керек.