Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 27 ақпанда өткен Nur Otan партиясының съезінде көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Соған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірледі, онда балалар үшін атаулы әлеуметтік көмектің белгіленген критерийден төмен емес көлемде кепілдендірілген төлемін енгізу қарастырылған.
Егер қазіргі таңда кедейлік шегі ең төменгі күнкөрістің 50%-ы деңгейінде айқындалып, 14 849 теңге (шамамен 40 доллар) болып отырса, Елбасы тапсырмасы бойынша кедейлік шегі ең төменгі күнкөрістің 50%-ынан 70%-ына дейін көтеріледі және 20 789 теңге болады.
Бұйрық Әділет министрлігінде тіркелген. Ол 1 сәуірден бастап күшіне енеді. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін критерий 1 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан және Маңғыстау облысынан басқа өңірлерде 20 789 теңгеге дейін арттырылады.
Бұл заң жобасы осы қызметті көрсету процедурасын оңтайландыруды да қарастырып отыр. Вице-министрдің айтуынша, ескі ережелер бойынша әлеуметтік көмек көрсету туралы өтінішке қоса бірнеше құжат пен анықтама — жеке басын куәландыратын куәлікті, банк есепшотының нөмірі туралы мәліметтерді, баланың туу туралы куәлігін, неке қиюды тіркеу туралы куәлікті және тағы басқаны тапсыру керек болатын.
2019 жылғы 1 шілдеден бастап бұл рәсім жеңілдетіледі: тек азаматтың жеке куәлігі мен өтініші керек болады. Жаңа ереже бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері өтінім берушіден қосымша анықтамалар сұрамайды, оны тек ақпараттық жүйелерді деректер болмаған жағдайда сұрай алады.
Қоғамда аталған төлемді алуға құқылы екеніңді дәлелдеу үшін көптеген құжат жинау керектігі туралы мәселе ылғи көтерілетінін аңғардық. Сондықтан қазір заң жобасында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен құжаттардың электрон көшірмелерін жинау қарастырылып жатыр. Тиісінше, отбасына сәйкестендіру үшін жеке куәлігін және өтінішін тапсыру жеткілікті, — деді Светлана Жақыпова.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Тұңғыш Президент — Елбасының республикалық бюджеттен отбасының жиынтық табысын есептеу үшін қабылданған бірқатар төлемдерін алып тастау бойынша тағы бір тапсырмасын пысықтады. Олардың ішінде көпбалалы отбасыға арналған мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналардың жәрдемақысы, мүгедек балаға төленетін жәрдемақы мен шәкіртақылар бар.
Светлана Жақыпованың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызметтер балалары бар барлық отбасы үшін қолжетімді болуы тиіс. Мысалы, егер отбасы қиын жағдайға тап болса және олардың табысы 20 789 теңгеден төмен болса, онда атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетіні түсінікті. Ал егер табысы 20 789 теңгеден артық, бірақ көпбалалы отбасы болса және оған да әлеуметтік көмек қажет болса, онда бұл отбасы қоғамдық көлікте балалардың тегін жүруін қамтамасыз ету, 1 сыныптан 4 сыныпқа дейін тегін тамақтандыру, мектеп формасын алуда қолдау көрсету, мектепке дейінгі білім ұйымдарында орынмен қамтамасыз етуде басымдықпен құқық беру сияқты қызметтерді алуға құқылы болуы керек.
Вице-министрдің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бірыңғай әлеуметтік пакетті әзірледі, ол барлық өңірде бірдей деңгейде кепілдендірілуі тиіс. Мысалы, азаматтардың жекелеген санаттары үшін тегін жол жүру тек Нұр-Сұлтанда қарастырылған. Бұл жеңілдік басқа қалаларда да жасалуы үшін ведомство көрсетілетін қызметтерді қайта қарастырғалы отыр.