Қазақстан нейрохирургтері Ақтөбе тұрғынының ми ішіндегі ісігін алып тастады

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адам орталықтың орталық жүйке жүйесі патологиясы бөлімшесіне қаралды. Ол басы қатты ауыратынын, айналатынын, денесі құрысып, әлсірейтінін, есте сақтау қабілеті нашарлайтынын айтқан.

Дәрігерлер қозғалыс аймағының барлық функциясын және миды зақымдап алу қаупі бар аймақты бақылауға мүмкіндік беретін нейромониторингті қолдана отырып, мидағы ісікті алып тастау бірегей операциясын жасады. Операция кезінде нейронавигация да қолданылды, ол ісіктің шегі мен орналасуын анықтайды, ісік пен мидың шекарасы әрқашан анық бола бермейді. Операция сәтті өтті. Пациент өзін жайлы сезініп отыр, жақын арада ауруханадан шығарылады.

Операцияны 20 жылдан астам практикалық тәжірибесі бар мамандар жасады, атап айтсақ, нейрохирург дәрігер, орталық жүйке жүйесі патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұржан Әмірбекұлы Рыскелдиев пен нейрохирург дәрігер Мұратбек Әбдіғалиұлы Тілеубергенов, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Осындай күрделі операциялар жоғары мамандандырылған орталықтарда заманауи диагностикалық және операциялық жабдықтар (интраоперациялық эндоскоп, микроскоп, нейромониторинг, нейронавигация, электрон-оптикалық түрлендіргіш, микрохирургиялық аспаптар және тағы басқа) мен жоғары білікті мамандар болғанда және олардың арасында жұмыс жолға қойылғанда ғана сәтті іске асады.

Ұлттық нейрохирургия орталығында жоғары технологиялардың арқасында күн сайын осыған ұқсас және басқа да 20-25 операция жасалады.