Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерінің арқасында көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы ашық терезе алдында ойнап отырған екі кішкентай бала аман қалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
15 маусым күні кешкі сағат 21:00 шамасында Ержан Тамышев жұмыстан үйіне қайтып келе жатып, Жамбыл көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен қауіпті жағдайды байқайды. Полиция қызметкері бесінші қабаттағы ашық терезе алдында ойнап отырған екі кішкентай баланы көрген. Ол бірден «102» арнасына хабарласып, жағдай туралы ақпарат берген. Сонымен қатар айналадағы адамдардан балалардың назарын басқа жаққа аударуға көмектесуді сұрап, өзі тұрғын үйдің кіреберісіне қарай жүгірген. Оқиға орнына жеткен соң домофон арқылы пәтер иелерімен байланыс орнатуға тырысқан, — делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, балалардың үйде жалғыз қалуы мүмкін деген күдік туындағандықтан, Ержан Тамышев тіпті шатырға шығып, ықтимал құтқару жолдарын да қарастырған.
Алайда көп ұзамай пәтерде ересек адамның бар екені анықталған. Ол есікті ашып, оқиға орнына келген полиция қызметкерлерін ішке кіргізген.
Тексеру барысында жалдамалы пәтерде Жезқазғаннан келген азаматтардың уақытша тұрып жатқаны белгілі болды. Балалардың әкесі ұйықтап жатқан, ал анасы дүкенге кеткен. Сонымен қатар екі ата-ананың да алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған. Бұған дейін олардың бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Оқиғадан кейін үш жастағы ұл бала мен төрт жастағы қыз бала отбасынан уақытша алынып, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, — делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері бұл оқиға ата-аналардың балалар қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауының маңызын тағы бір мәрте көрсеткенін атап өтті.
