ІІМ ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және Чехия полициясымен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ІІМ мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары мен халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде бірнеше ел аумағында әрекет еткен қылмыстық ұйым әшкереленген. Тергеу аясында күдіктілердің тұрғылықты жерлері бойынша Чехиядағы Усти-над-Лабем қаласында, сонымен қатар Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жүргізілді.
ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайнің айтуынша, тергеу әрекеттері барысында заңсыз қызметке қатысты дәлелдер сақталған көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар мен ірі көлемдегі қолма-қол ақша тәркіленген.
Тергеу деректері бойынша, күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттер азаматтарының жеке мәліметтері орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған. Қылмыстық топ ішінде нақты иерархиялық құрылым болған. Оның мүшелері міндеттерді бөлісіп атқарған. Бірі қылмыстық схеманы үйлестірсе, енді бірі жеке деректерді заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдеумен айналысқан. Заңсыз жолмен алынған табысты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар тергеу барысында бір реттік сұраныстар мен жабық ресурсқа ақылы қолжетімділік үшін арнайы тарифтер белгіленгені анықталған. Қазір қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ мәліметінше, азаматтардың жеке деректерінің заңсыз таралуына қатысты барлық мән-жай анықталып жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.
