Футболдан алғашқы әлем чемпионаты 1930 жылы өткен еді. ӘЧ төрт жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бастапқыда 13 ұлттық құрама сынға түскен. 2026 жылғы XXIII Әлем чемпионаты АҚШ, Мексика мен Канада елдерінде өтіп жатыр. Кейінгі, яғни 2022 жылғы Әлем чемпионатын Аргентинаның ұлттық құрамасы жеңіп алған еді. Кейбір командалар осы кезге дейін бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрінген.
Baribar.kz Әлем чемпионатында жеңімпаз болған үздік футбол құрамаларын тізіп шықты.
Алғашқы Әлем чемпионы — Уругуай құрамасы
1930 жылғы алғашқы Әлем чемпионатында Уругуайдың ұлттық құрамасы жеңімпаз болған. Финалда Уругуай мен Аргентинаның футболшылары бақ сынап, ойын 4:2 есебімен аяқталған еді. Бірінші таймнан кейін Аргентина 2:1 есебімен алға шыққан. Алайда екінші таймда уругуайлық футболшылар Аргентинаның қақпасына үш гол соғып, тарихтағы тұңғыш Әлем чемпионы болды.

Тарихта Уругуай Әлем чемпионатын екі рет жеңген. Екіншісі 1950 жыл еді. ӘЧ финалында Уругуай мен Бразилияның ұлттық құрамасы алаңға шығып, ойын 2:1 есебімен аяқталған. Бұл Әлем чемпионаты Бразилияда өткен.

Бразилия бес рет Әлем чемпионатын жеңіп алған
Fox sports мәліметі бойынша, 1958 жылы Швецияда өткен Әлем чемпионаты финалында Бразилия мен Швецияның ұлттық құрамалары сынға түскен. Бразилия алғашқы жеңісіне 5:2 есебімен қол жеткізген. Бір қызығы, бұл ойында 17 жастағы Пеле Швеция қақпасына гол соққан еді. Ол — ӘЧ финалында гол соққан ең жас футболшы.
Араға төрт жыл салып, 1962 жылы Чилиде өткен Әлем чемпионатында Бразилия тағы да жеңімпаз болды. Бразилия мен Чехословакия арасындағы матч 3:1 есебімен аяқталды.
1970 жылғы Әлем чемпионатында Бразилия мен Италияның футболшылары бақ сынап, Бразилияның ұлттық құрамасы 4:1 есебімен жеңген. Осылайша, Мексикада өткен ойында Пеле тарихтағы тұңғыш үш мәрте әлем чемпионы болды.
1994 жылғы Әлем чемпионатында алғаш рет финалдың негізгі және қосымша ойыны 0:0 есебімен аяқталды. Бразилия Италияны пенальти кезінде 3:2 есебімен жеңіп кеткен.
2002 жылы ӘЧ-ны Оңтүстік Корея мен Жапония бірлесіп өткізді. Финалда Бразилия мен Германияның футболшылары алаңға шығып, ойын 2:0 есебімен аяқталған. Бразилия тағы да жеңімпаз болды.

Италияның ұлттық құрамасы төрт рет Әлем чемпионы болды
1934 жылғы ӘЧ-да Италияның футболшылары Чехословакияға қарсы ойнап, 2:1 есебімен жеңімпаз болған еді. Матч Италияның астанасы Рим қаласында өтті. Бұл — Италия құрамасының өз елінде өткен Әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісі.
1938 жылы Италия мен Мажарстанның ұлттық құрамасы бақ сынап, Италия 4:2 есебімен қатарынан екінші рет ӘЧ жеңіп алды.
1982 жылы Италия мен Германия арасындағы ойын 3:1 есебімен аяқталды. Осылайша, Мадридте өткен ӘЧ-да Италия үшінші рет жеңімпаз болған еді.
2006 жылғы Әлем чемпионатының финалында Италия мен Франция ойыншылары сынға түсіп, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Пенальти кезінде Италияның футболшылары 5:3 есебімен басым түсіп, ӘЧ жеңіп алған.

Германия — төрт мәрте ӘЧ жеңімпазы
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия батыс және шығыс болып, екіге бөлінген еді. 1990 жылы ғана біртұтас Германия мемлекеті ретінде қайта бірікті. 1954, 1974, 1990 жылдары Батыс Германия құрамасы Футболдан әлем чемпионы болса, 2014 жылы Германияның ұлттық құрамасы жеңіске жетті.
1954 жылы Швейцарияда өткен ӘЧ-да Батыс Германияның футболшылары Мажарстанға қарсы ойнады. Бір қызығы, матч басында мажарлар 2:0 есебімен алға шыққан еді. Алайда немістер камбәк жасап, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
1974 жылы Нидерланд құрамасымен сынға түсіп, Батыс Германияның ойыншылары 2:1 есебімен тағы да басым түсті.
1990 жылы Батыс Германия мен Аргентинаның ойыншылары алаңға шығып, ойын пенальти арқылы 1:0 есебімен аяқталған еді. Бұл матчта Аргентина екі рет қызыл қағаз алған.
2014 жылғы ӘЧ-дағы Германия — Аргентина матчында Германияның футболшылары тағы да 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Ал жартылай финалда Германия Бразилияны 7:1 есебімен жеңген еді.

Аргентина үш мәрте Әлем чемпионы болды
1978 жылы Аргентина мен Нидерланд арасындағы матчта 3:1 есебімен Аргентинаның ұлттық құрамасы жеңіске жетті. Бұл жолы Әлем чемипионатының турнирі Аргентинада өткен еді. Матч өте тартысты болғандықтан, қай команда жеңімпаз болатыны тек қосымша уақыттағы ойында анықталған.
1986 жылы Аргентина мен Германияның футболшылары алаңға шығып, ойын 3:2 есебімен аяқталған.
2022 жылы Қатарда өткен Әлем чемпионатында, яғни 36 жылдан кейін Аргентина Францияны пенальти арқылы жеңіп, тартысты матчта үшінші мәрте Әлем чемпионы болды. Финалдағы есеп — 3:3. Пенальти қорытындысы — 4:2.

Әлем чемпионатынан Францияның еншісінде екі жүлде бар
1998 жылғы ӘЧ финалын Франция мен Бразилияның футболшылары 3:0 есебімен аяқтап, француз футболшылар жеңіске жеткен еді.
2018 жылы, яғни 20 жылдан кейін Францияның ұлттық құрама ойыншылары Хорватияға қарсы ойнап, 4:2 есебімен жеңімпаз болды.

Англия мен Испанияның алғашқы жеңісі
1966 жылғы ӘЧ-да Англия мен Германия арасындағы матч 4:2 есебімен аяқталды. Англияның футболшылары өз елінде Әлем чемпионы болған.

2010 жылы Испанияның футболшылары Нидерландыға қарсы ойнап, 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Осылайша, испан футболшылар 16 жыл бұрын алғаш рет Әлем чемпионы болған.

***
Тағы оқыңыз:
