Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда кімдермен кездесті?

Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында бірнеше кездесу өткізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен болған кездесуінде өңірдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. Түркістандағы құрылыс жоспарына ерекше назар аударылды.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Халық банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павловпен кездесті. Тараптар еліміздің банк секторындағы қазіргі ахуалды, осы саланы одан әрі дамыту перспективаларын және Қазақстанның қаржы нарығының өзекті мәселелерін талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев «Орталық Азия Электр энергетикасы корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебановпен де кездесті. Тараптар электр-жылу энергиясын өндіру нарығын дамытудың және еліміздің өңірлерін энергиямен жабдықтау ісінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне баса мән берді. Кездесуде энергиямен жабдықтау саласындағы тариф саясатын іске асырудың қазіргі үдерісі де талқыланды.