Халықаралық мегажоба «Мен қазақпын» байқауы ұйымдастырылады

Жыр-термелер мен күйлерді бүгінгі заман талабына сай жаңартып, өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында жаңа жоба қолға алынады. Ол үшін арнайы топ әрбір облысты аралап, жобаға қатысушыларды іріктейді. Үздік деп танылғандар телевизиялық байқауға жолдама алады.

Байқауға қатысушылардың жас ерекшелігі  — 18 бен 40 жас аралығы. Өнерпаздардың киімі қазақы үлгіде әрі бүгінгі заман талабына сай болуы тиіс. Жобаға Қазақстан азаматтарынан бөлек, Ресей, Қытай мен Моңғолия жерінде тұратын қандастарымыз да қатыса алады.

Жеңімпаздар «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі» және «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымдары бойынша марапатталады.

«Осы бірегей өнерді лайықты дәріптеу — елдік, бірлік идеясын іске асырудың аса ұтымды құралы. Осыны ескере отырып, біз, министрлік пен «Қазақстан»ұлттық арнасы, «Мен қазақпын» атты телевизиялық мегажобаны ұсынып отырмыз. Жобаның мақсаты — дәстүрлі әнші, термеші мен күйшілерімізді, еліміздің әрбір аймағында қалыптасқан өнер мектебінің өкілдерін кеңінен дәріптеу, таңдаулы туындыларды өскелең ұрпаққа заманауи форматта насиxаттау…біз жобаға тек еліміздің өнерпаздарын ғана емес, жырақтағы қандастырымызды да қатыстыруды көздеп отырмыз», — дейді министр Дәурен Абаев.

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Кариннің айтуынша, байқаудың алғашқы іріктеу турлары 5 маусымда Алматы облысында басталады. Ал шет елдердегі конкурстар шілде айында ұйымдастырылмақ. Осыдан кейін көрермен қауым байқаудың күнделігі мен негізгі конкурсын теледидардан көре алады.

ДереккөзInform.kz