«Асыл мұра» би ансамблі халықаралық байқауда бірінші орын алды

Нұр-Сұлтандағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Асыл мұра» би ансамблі 18-22 наурыз аралығында Алматыда өткен халықаралық көпжанрлы фестиваль-байқауда бірінші орын алды.

Қазылар алқасы Зияткерлік мектептің талапты оқушыларын Еуропада өтетін жазғы фестивальде өнер көрсетуге шақырды. «Асыл мұра» би ансамблінің мүшелеріне Festival&Contest Мәдениет Ассоциациясының Президенті Кристиан Карточети қол қойған Италияда өтетін фестивальге қатысу туралы сертификат табыстады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы физика–математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Ұлы дала»  және «Кітап құпиясы» атты би композициясын жоғары деңгейде орындап шыққан жас өнерпаздар  фестиваль кубогы мен арнайы дипломмен марапатталды.

Жеңіс шығармашылық ұжым мүшелеріне сенім берді. Біз қолымыздан көп нәрсе келетінін, басқа да мықты шығармашыл ұжымдармен бәсекеге түсе алатынымызды білдік», – деді би ансамблінің жетекшісі Бекзат Жүсіпова.

«Асыл мұра» би ансамблі шығармашылық ізденісте жүретін ұжым болғандықтан мектеп сахнасында ғана өнер көрсетіп қоймай, түрлі деңгейдегі фестивальдер мен байқауларда бақ сынайды.