Қарағанды әкімі күніне 5 шақырым жаяу жүреді

Қала басшысы билік шынайы өмірге жеке автокөлігінің терезесінен ғана қарайды деп санайтын жұртшылық сынын жоққа шығарды.

«Әрине, өмірді тек жеке автокөлігіңнің терезесінен ғана қарау, қыста жылы, жазда салқын кабинетте отыру оңай. Бірақ, қала әкімінің жұмысы өзге мемлекеттік қызметкерлердің кеңселік жұмысынан  сәл ерекшеленеді, — деді Нұрлан Әубәкіров. — Мәселен, бүгін мен үш көшеде болдым. Сіздерге ашық айтайын, таң атысымен қалада жаяу жүремін».

Қала басшысы нысандарды тексеру үшін сенбі күні қаланы айналып шығатынын еске салды.

«Оған қосымша, егер мүмкіндік болса, жаяу жүргім келеді. Біріншіден, денсаулыққа пайдалы, екіншіден, бар мәселені өз көзіңмен көрген әлдеқайда жеңіл», — деді Нұрлан Әубәкіров.

Оның айтуынша, әкім күніне 5 шақырымға дейін жаяу жүреді.

Сонымен бірге, Қарағанды әкімі журналистерді өзінің «тәуелсіз көздері» деп атап, проблемалық материалдарға тезірек үн қатуға тырысатынын айтты.

ДереккөзҚазАқпарат