Жазира Жаппарқұл

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген «батыр қыз» әкесінің қарсылығына қарамастан ауыр атлетиканы таңдап, ақыры өз көздеген мақсатына жетті.

«Сен қызсың, саған болмайды, үйде отыр деп әпкем де рұқсат берген жоқ.Бөлмеге қамап та тастайтын. Мен болсам терезеден қашып шығып, жаттығуға барып келетінмін», – деп Жазира спорттағы алғашқы қадамын есіне алады.

Бір қызығы, Жазира небәрі 7 айлық боп туылып, кішкентайында тым әлжуаз болған екен.

«Небәрі 7 айлық боп туылды. Салмағы 1 келі 300 грамм дегенді естігенде шошып кеттік. Сүтті өзі еме алмайтын, трубкамен береді. Үйге әкелгеннен кейін жаңағы трубкасын лақтырып жіберіп, еміздім. Кейін Жазираны тымаққа салып, шегеге іліп қойдық», – дейді Жазира Жаппарқұлдың анасы Күләйхан Құдайқұлова.

Оның айтуынша, тек үш айдан кейін ғана Жазира салмақ қосып, адам қатарына қосылыпты.

Жазираның спорттың осынау ауыр түрін таңдауына үйіндегі анасы ғана қолдау білдіріпті. Күләйхан апай оның жаттығуға уақытылы баруын қадағалап, үнемі артық ойыннан тыйып отырған екен.

«Достарым көп болатын. Ауылдағы кішкентайлардың бәрі артымнан шұбырып жүретін. Сонда анам: “Бері кел, жаттығуыңды істе” деп, сағаттап жанымда отыратын. Мен анамның алдында зілтемір көтеретінмін», – дейді Ж.Жаппарқұл.

Естеріңізге салайық, ауыр атлетикадан Рио олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жазира Жаппарқұл жалпы есепте 259 келілік зілтемірді бағындырып, жарыстың күміс жүлдегері атанған болатын.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!