Нұр-Сұлтанда жантүршігерлік көлік апаты бойынша тергеу басталды

Нұр-Сұлтанда үш автобус соғылған ірі жол-көлік оқиғасына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы — «Жол қозғалысы ережесін екі не одан көп адамның өліміне соқтырып бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажет сараптама: техникалық, сот-медициналық сараптамасы белгіленіп жатыр. Полицейлер бұл оқиғаның бар мән-жайын анықтауға кірісті, — деп хабарлады Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында болды. № 303 бағыттағы автобус № 12 бағыттағы және № 53 бағыттағы автобусты, бірнеше жеңіл автокөлікті, жедел жәрдем көлігін соққан.

Оқиға салдарынан екі адам қайтыс болды, оның бірі автобус жүргізушісі болса, бірі — жолаушы. Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаеваның хабарлауынша, төтенше оқиғадан 25 адам жарақат алды, олардың жартысы ауыр халде. Зардап шеккендерге 30-ға жуық дәрігер көмек көрсетіп жатыр.

ДереккөзTengrinews.kz