Ғалымжан Қойшыбаев ҚР Премьер-министрі кеңсесінің басшысы болды

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Премьер-министр кеңсесінің жаңа басшысы Ғалымжан Қойшыбаевты таныстырды. Бұл туралы Асқар Маминнің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет қаулысымен Ғалымжан Телманұлы Қойшыбаев Премьер-министр кеңсесінің басшысы болып тағайындалды, — деді Премьер-министр.

Асқар Мамин Ғалымжан Қойшыбаевтың Президент Әкімшілігінде және Сыртқы істер министрлігі жүйесінде елші, министрдің орынбасары болып көп жыл еңбек еткенін айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Бұған дейін ҚР Премьер-министрі кеңсесінің басшысы лауазымын атқарған Дархан Кәлетаев Президенттің жарлығымен ҚР Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Ғалымжан Қойшыбаев 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университететін тәмамдаған. 1995-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, бірінші хатшысы, кеңесшісі, кеңесші-уәкілі болып қызмет еткен. 2004 жылы Қазақстан Республикасының Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының жанындағы өкілетті өкілі болды. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы, 2006-2008 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды.
20082012 жылдары Ғалымжан Қойшыбаев ҚР Литва Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚР Латвия Республикасындағы, Эстония Республикасындағы және Финляндия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі (қоса атқарушы) болды.
2012-2016 жылдары ҚР Финляндия Республикасы мен Эстония Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі (қоса атқарушы), 2016 жылдан бастап ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.