1. Ләйла Сұлтанқызы
Мен окопта бұғып емес, анамның құшағында еркін ойнап өскен баламын. Мен білімді тығылып емес, жоғары оқу орнында мемлекеттік грантта оқыған студентпін. Мен көрерменмен бейбіт күнде тікелей эфир арқылы дидарласқан маманмын. Мен ұлдарымның тыныш ұйқысын, жарқын балалық шағын көрген бақытты анамын және сіздердің де дәл осындай бақытты сезініп жүргендеріңізді білемін. Қазақстан атты шаңырақтың берекесін шайқалтпай, бірлігін шашпай, көшін алға сүйреп келген Ұлт көшбасшысына шын жүректен алғыс айтамын және шынайы алғысқа бөлейік деген ниетпен #алғысайту #challenge-ін бастағым келеді, — деп жазды өзінің Instagram-парақшасында тележүргізуші Ләйла Сұлтанқызы.
2. Александр Винокуров
Тарихи күн. Рақмет, Президент мырза! Бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу үшін. Еліміздің қалыптасуы мен тарихымыз үшін жасаған барлық ісіңіз үшін, — деді велошабандоз, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров.
3. Геннадий Головкин
Қазақстан азаматы әрі өз елімнің патриоты ретінде Тұңғыш Президентке рақмет айтқым келеді, ең әуелі, тәуелсіз мемлекетіміз үшін. Біздің өз Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз бар. Біздің мақтан тұтатын және сүйетін еліміз — көпұлтты Қазақстанымыз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы, бәріне рақмет! Сізге мықты денсаулық, ал біздің жас елімізге гүлдену мен әл-ауқат тілеймін, — деді даңқты кәсіпқой боскшы Геннадий Головкин.
4. Данияр Елеусінов
Рақмет сізге, Елбасы! Тәуелсіздік алғаннан бері ел тізгінін берік ұстап, елімізді әлемге таныттыңыз. Ал оның ішінде спорт саласын да ұмытқан жоқсыз. Ел спорты өте жоғары деңгейге жетіп, әлі де дамып келеді. Көптеген Олимпиада чемпионы шықты. Олар арқылы елімізді таныды. Сіздің ел спортының дамуына жасаған еңбегіңіз үшін раxмет, — деп жазды боксшы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов.
5. Ақан Сатаев
Қазақстан азаматы ретінде Тұңғыш Президентімізге, тәуелсіздігімізге, бейбітшілікке, ұлтаралық келісімге, оның еңбегі үшін және елімізді күшті әрі өркендетудегі ұмтылысы үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Құдай біздің халыққа және Нұрсұлтан Әбішұлының кешегі шешіміне игілігін берсін, — деді режиссер Ақан Сатаев.
6. Бекболат Тілеухан
Бұл күннің болары анық еді. Алайда мұндай жеделдікті күтпеппін. Жарық күндегі найзағайдай тосын жайт. Құлағыма сенбедім. Рас екен. Құлазып қалдым. Өзі айтпақшы, өмір заңы! Жұрты қимаса, қадірінің асқандығы да! Алаштың алғысы айрықша өзіңе, асыл тұлға Нұр-ағам, — деп жазды әнші, мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан.
7. Асылхан Төлепов
Мың алғыс! Деніңізге саулық тілейміз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Жастар өзіңіз бағыттап кеткен сарабдал саясатыңыз арқылы ел үшін аянбай қызмет етеді, — деді актер Асылхан Төлепов.
8. Нұрлан Қоянбаев
Рақмет, Елбасы!, — деп жазды тележүргізуші және актер Нұрлан Қоянбаев.
Еске салайық, 19 наурыз күні Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Тұңғыш Президент мемлекетті 30 жыл бойы басқарып келгенін және осы кезең ішінде өзін халқының әрдайым қолдағанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды Президент сайлауына дейін уақытша басқаруға лайық адам екенін айтты. 20 наурыз күні ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде қызметке кірісу үшін Қазақстан халқына ант берді. ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берген сәттен ҚР Президенті қызметіне кірісетінін айтты.