ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде қызметке кірісу үшін Қазақстан халқына ант берді.

— Құрметті депутаттар мен шақырылғандар, Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің конституциялық құқығын іске асыра отыра және тарихи миссиясын орындай отыра ҚР Президенті ретіндегі өкілеттігін өз еркімен тоқтатты. Бұл жағдайда оның қалған мерзімдегі өкілеттігі Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтеді, — деді ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми.

Қайрат Мәми Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берген сәттен ҚР Президенті қызметіне кірісетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ант берерде қолын Қазақстан Республикасы Конституциясына қойып, анттың Конституцияда белгіленген мәтінін мемлекеттік тілде оқыды:

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру салтанаты. Фото: Аkorda.kz

Ант бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туға жақындап келіп, сүйді.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев оған Президент куәлігін, төсбелгісі мен байрағын, «Алтын қыран» орденін тапсырды.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Еске салайық, 19 наурыз күні Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді.

Заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент — Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесімін, яғни өздеріңізбен бірге боламын… Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.

ҚР Конституциясының 42-бабының 3-тармағына сәйкес 2019 жылғы 20 наурыздан бастап ҚР Президентінің өкілеттігін атқаруды тоқтатамын. ҚР Конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес ҚР Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге ҚР Парламенті Сенатының төрағасына Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап көшеді. ҚР Конституциясының 42-бабының 2-тармағына сәйкес ҚР Президентінің қызметіне кірісетін адамның Қазақстан халқына ант беру рәсімі ҚР Орталық сайлау комиссиясымен келісім бойынша ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында 2019 жылғы 20 наурызда 12 сағат 00 минутта өткізілсін. Осы жарлық қол қойылған сәтінен бастап қолданысқа енгізіледі, — делінген жарлықта.

 

ДереккөзZakon.kz