Өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдеме жасағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінде бірқатар тағайындау жасады. Тиісті нормативтік-құқықтық актілер Ақорданың сайтында жарияланды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен және тиісті жарлығымен Абай Бисембаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының көмекшісі — Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқарушысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Абай Айдарханұлы Бисембаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы қызметінен босатылды, — делінген Нұрсұлтан Назарбаев шығарған өкімде.
Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысының өкімімен Махмұд Қасымбеков Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кеңсесінің басшысы болып тағайындалды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының бірінші орынбасары Ерлан Баттақовқа Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы міндетін уақытша атқару жүктелді.
Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Темірболатқа Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің бастығы міндетін уақытша атқару жүктелді.