Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді.
Ол бұл туралы 19 наурызда Қазақстан халқына арнаған үндеуінде айтты.
Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл оңай шешім емес, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті 30 жыл бойы басқарып келгенін және осы кезең ішінде өзін халқының әрдайым қолдағанын айтты.
Осы жылдарда өткен барлық сайлауда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға — халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім. Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент — Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесімін, яғни өздеріңізбен бірге боламын… Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Қазір Парламент Сенатының төрағасы — Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер, — деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды Президент сайлауына дейін уақытша басқаруға лайық адам екенін айтты.
Мәлімдеме республикалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетілді.