ARUANA құрылтайы
Фото: Baribar.kz

ARUANA құрылтайының мақсаты — Қазақстандағы әйелдер ұйымдарын жинап, қоғамдағы күрделі мәслелерді шешу. Қоғамда әйел ролінің маңызын арттырып, гендерлік теңдікке қол жеткізу жолдарын қарастыру, олардың құқығын қолдау сияқты қоғамдық бастамалар алға қойылды. Құрылтай аналарға, көмекке мұқтаж отбасыларға ақпараттық қана емес, заңдық және психологиялық көмек көрсетеді.

Бір айдан соң жұмысын бастауды жоспарлап отырған ARUANA құрылтайы әуелі халық арасында зерттеу жүргізіп, еліміздегі ең маңызды 10-15 проблеманы тізіп, оны шешу жолдарын қарастырады. Кейін бұл проблемаларды шешу жолдары мемлекетке ұсынылып, қоғамда қалыптасқан жағдайларға өзгеріс енгізуге қадамдар жасалмақ.

Дағдарыс орталығының сараптауынша, әрбір сегізінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық бар. Әр жетінші әйел экономикалық зорлыққа тап болады. Әр алтыншы әйел физикалық күш көрсетуді бастан кешсе, әр үшінші әйел психологиялық зорлық көреді. Ал қасақана адам өлтіру қылмысының үштен екісі тұрмыстық зорлықтан болады. Жыл сайын күйеуінің не жақындарының қолынан 400-дей әйел қаза болады. Дағдарыс орталығына жылына 14 мың әйел қоңырау шалады. Бұл — қоғамда күнделікті кездесетін күрделі проблема. Сондықтан құрылған ARUANA құрылтайының маңызы зор, — дейді «Тұрмыстағы зорлыққа қарсы дағдарыс орталығының» директоры Зүлфия Байсақова.

Маманның айтуынша, құрылтай аясында орталық әйелдер мен балалардың проблемасын сараптап, қазақстандағы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін кеңестер мен ұсыныстарды қалыптастыруды көздеп отыр.

Біз мұнда әр адаммен жеке-жеке жұмыс істейміз. Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан осымен ерекшеленеміз. Әркіммен жеке сөйлесіп, мемлекеттік бағдарламаға өтініш беруге, құжаттар жинауға көмектесеміз, түрлі әлеуметтік мәселені шешу жолдарын ұсынамыз, кеңес береміз. Әйелдерге қосымша мамандық беруге немесе олардың професионалдығын жетілдіруге көмектесеміз, — дейді Зүлфия Байсақова.

Ал «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қорының директоры Алтынай Көбееваның айтуынша, орталық құрылтай аясында көмекке мұқтаж әйелдер мен отбасыларға іске асырылып жатқан және жаңа мемлекеттік бағдаламаларды түсіндіру жұмысын жүргізеді. Сонымен қатар қоғамдық қор мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын қадағалап, ол туралы ақпараттың халыққа жетуін мониторингтен өткізіп отырады.

Құрылтайға әзірше төрт ұйым қосылды. Олар: Тұрмыстағы зорлыққа қарсы дағдарыс орталығы, «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоры, Ihlas Jurek қоғамдық қайырымдылық қоры және «Қазақстан балалары» алматылық қоғамдық қайырымдылық қоры. Алдағы уақытта құрылтайға ғылыми-өндірістік бірлестіктер қосылады. Себебі осындай ұйымдар қаржылық, адами, уақыт ресурстарымен біріге отырып, жұмысты әлдеқайда нәтижелі орындайды.

Әйелдер қиын жағдайда қайда бару керек, қайда хабарласу керек екенін білмей жатады. Сондықтан біз ондай көмек бере алатын ұйымдармен, мемлекетпен, қоғаммен қарым-қатынас орнатамыз. Әйелдерге олардың мәліметтерін ұсынып, анықтамасын береміз. Бұл проблемаларды шешуге атсалысқысы келетін, бірігіп жұмыс істеуге дайын барлық ұйымды құрылтайға шақырамыз. Мемлекеттің дамуы үшін отбасының маңызы зор. Сондықтан әйелдер проблемасына баса назар аударылуы тиіс, — дейді Ihlas Jurek қоғамдық қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесі төрайымының міндетін атқарушысы Тоғжан Қожалиева.