Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы 4 негізгі блокқа топтастырылған 89 тармақтан тұрады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасын әзірледі. Бүгінгі таңда жобаны барлық мүдделі мемлекеттік орган пысықтады. Жол картасының мақсаты — жастардың әлеуетін жүзеге асыру және дамыту үшін жағдай жасау, олардың қоғамдық өмірдің барлық саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, — деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Асхат Оралов.
Бірінші блок Жастар жылын өткізудің негізін құрайтын іс-шаралар тізбегінен тұрады. Оның негізінде бес ірі іс-шара жоспарланып отыр.
Бірінші жоба — ZEREN-2019 республикалық білім беру жастар лагерін өткізу. Өткен жылы бұл жоба сәтті жүзеге асты. Бұл жолы біз жобаны кеңейтуді жөн көрдік. Сонымен қатар Шымкентте еңбек жастарының форумын өткізу. Бұл жердегі негізгі ой, халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерден жастарды тарту және жұмыспен қамту мен білім беруді қолдау құралдарына деген сұранысты арттыру, — деді Асхат Оралов.
Қостанайда Қазақстан-Ресей жастар ынтымақтастығы форумын өткізу де Жол картасына енгізілген.
Былтыр Ресей Федерациясында волонтерлер жылы болды, қазір біз олармен белсенді жұмыс істей бастадық. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін біз Қостанайда Үлкен Қазақстан-Ресей форумын жоспарлап отырмыз. Біз Ресейдің оң тәжірибесін қабылдағымыз келеді, — деді Асхат Оралов.
Қазақстан халқы ассамблеясының «Жастар синергиясы» форумы мен Президент жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің қорытынды отырысын өткізу де жоспарланып отыр.
2018 жылдың 5 қазанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған еді. Ал 2018 жылдың 13 қарашасында Президент Жастар жылын жариялау туралы жарлыққа қол қойды.