Ресейде Қазақстан азаматын полиция қызметкерлері ұстаған жағдайда не істеу керек?

Федерацияның 2011 жылдың 7 ақпанындағы №3-ФЗ “Полиция туралы” заңының 14-бабы бойынша полиция қызметкерлері азаматтарды заңда көрсетілген себептермен сот шешімі шыққанға дейін 48 сағаттан аспайтын мерзім бойы ұстауға құқылы.

Ұстау мерзімі полиция қызметкері азаматтың бостандығын іс жүзінде шектеген сәттен бастап есептеледі. Полиция қызметкері азаматқа оны не себепті, қандай негізде ұстайтынын, азаматтың заңды тұлғалар мен аудармашыдан көмек ала алатынын, туыстары мен жақындарына, достарына ұстау дерегі туралы хабарлай алатынын түсіндіруге міндетті. Азамат қандай да бір түсініктеме жауап беруден бас тартуға құқылы.

РФ заңнамасы бойынша полиция шетел азаматын ұстағаны туралы сол елдің елшілігіне дереу хабар беруі керек. Қазақстан азаматы ұсталған жағдайда бостандығы шектелген сәттен бастап үш тәулік ішінде елшілікке хабар беріледі.

Қазақстан немесе басқа да елдің азаматы полицейлердің әрекетсіздігі, адам құқығын бұзуы, заңды бұзуы сияқты жағдайлар бойынша полициядан жоғары тұрған органдарға, прокуратураға шағымдана алады. Егер мүмкіндік болмаса, смартфоннан Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі – www.kazembassy.ru сайтын тауып, “Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы консулдық мекемелері” бөліміне шағым қалдыруы керек.

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің консулдық бөлімі Қазақстан азаматтарының ұсталғаны туралы өтініштерді жұмыс күндері жергілікті уақыт 09.00-18.00 аралығында +7 (495) 627-17-54, +7 (495) 627-18-36, +7 (495) 627-17-06 телефон нөмірлері бойынша қабылдайды.

Ал демалыс күндері консулдықтың күзет қызметіне +7 (495) 627-18-21, 627-18-22 нөмірі бойынша хабарласу қажет, күзет қызметкері консулдық қызметкеріне хабар береді.

Ресейде қаржы жағынан қиын жағдайға тап болғанда не істеу керек?

Ресейде ұры-қарыға тоналып немесе басқа да күтпеген оқиға салдарынан ақшасыз қалғанда Қазақстан елшілігі еліміздің азаматтарына проблеманы қалай шешу керек екені жөнінде кеңес бере алады.

Елшіліктің мәліметінше, Қазақстаннан Ресейге Western Union, “Золотая корона”, MoneyGram, “Юнистрим” және “Калибри” ақша аудару жүйелері арқылы жіберуге болады. Бұл қызмет ақылы, аталған жүйелердің ақша шығарып алу нүктелері интернеттен оңай табылады. Қазақстанның банк карточкаларына аударылған қаражатты да Ресейдің кез келген банкоматынан шығарып алуға болады.

Ресейде қылмыс құрбаны болған жағдайда не істеу керек?

Мұндай жағдайда ҚР елшілігінің консулдық бөлімі мынадай көмек көрсетеді:

– Жеке куәлік немесе төлқұжат жоғалған жағдайда Қазақстанға оралуға қажет болатын куәлік береді;

– Азаматтың отбасымен, туыстарымен, достарымен, жұмыс берушісімен хабарласуына жағдай жасайды;

– Қылмыс фактісі бойынша Ресейдің қылмыстық іс жүргізу тәртібі жөнінде жалпы ақпарат алып береді;

– Қылмыс бойынша адвокат тауып беруге көмектеседі.

Консулдық бөлім:

заңгерлік кеңес бере алмайды, сотқа Қазақстан азаматының өкілі ретінде қатыса алмайды, ресми заң процестерінде аудармашының қызметін көрсете алмайды, заңгерлік қызмет ақысын және азаматтың басқа да шығындарын өтеп бере алмайды, азаматқа әуе немесе теміржол билетін сатып бере алмайды, сот өндірісі басталған кезде Қазақстан азаматы үшін қандай да бір артықшылық талап ете алмайды, Қазақстан Республикасының азаматтығын алмаған, уақытша тұруға рұқсат қана алған шетелдіктерге қызмет көрсете алмайды

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің консулдық бөлімі Қазақстан азаматтарына қатысты жасалған заңға қайшы әрекет туралы шағымдарды жұмыс күндері жергілікті уақыт 09.00-18.00 аралығында +7 (495) 627-17-54, +7 (495) 627-18-36, +7 (495) 627-17-06 телефон нөмірлері бойынша қабылдайды. Демалыс күндері консулдықтың күзет қызметіне +7 (495) 627-18-21, 627-18-22 нөмірі бойынша хабарласу қажет, күзет қызметкері консулдық қызметкеріне хабар береді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің кезекші дипломатының телефон нөмірі: +7 (7172) 72-01-11.

Ресейде Қазақстан азаматы қайтыс болғанда не істеу керек?

Қазақстан Республикасының азаматы Ресей Федерациясының аумағында қайтыс болғанда оның жерлену немесе кремация жасалу орны туралы шешімді марқұмның ең жақын туыстары қабылдайды. ҚР азаматының өлімі туралы куәлікті Қазақстанның консулдық мекемесінен немесе Ресейдің мемлекеттік қызметтер ұсынатын Көпфункциялы орталығынан алуға болады. Ол үшін өтініш, өлім туралы медициналық анықтаманың түпнұсқасы (мәйітханада беріледі) және арызданушының ұлттық төлқұжаты керек.

Ресей Федерациясының құзіретті органы берген өлім туралы куәлік 1993 жылдың 22 қаңтарында қабылданған “Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияның” 13-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында ешқандай қосымша растаусыз қолданыла береді.

Ресейде кремация, сүйекті бальзамдау қызметтерімен, сүйекті тасымалдаумен және Қазақстанға жөнелтумен салт-жоралғы компаниялары айналысады. Компаниялармен ақылы салт қызметін көрсету жөнінде келісімшарт жасауға қайтыс болған азаматтың жақын туыстары жауапты.

Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің консулдық бөлімі Қазақстан азаматтарының өліміне қатысты өтініштерді жұмыс күндері жергілікті уақыт 09.00-18.00 аралығында +7 (495) 627-17-54, +7 (495) 627-18-36, +7 (495) 627-17-06 телефон нөмірлері бойынша қабылдайды. Демалыс күндері консулдықтың күзет қызметіне +7 (495) 627-18-21, 627-18-22 нөмірі бойынша хабарласу қажет, күзет қызметкері консулдық қызметкеріне хабар береді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің кезекші дипломатының телефон нөмірі: +7 (7172) 72-01-11.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің SmartTravelKZ мобильдік қосымшасы да бар. Оның көмегімен Қазақстанның шетелдегі консулдарына хабарлама қалдыруға, хат жазуға, қоңырау шалуға немесе консулдың қоңырау соғуына тапсырыс беруге болады.