2019 жылы республикалық бюджет кірісі 200 миллиард теңгеге көп болады

2019 жылы республикалық бюджет кірісі 200 миллиард теңгеге жоғары болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

Министрдің мәліметінше, республикалық бюджеттің кірісі 2019 жылы 7 триллион теңге көлемінде бағаланып отыр. Бұл бекітілген жоспардан 200,4 миллиард теңгеге жоғары. Қосылған құн салығы бойынша, шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж бойынша, сонымен бірге салықтық емес түсімдер бойынша негізгі өсім болады деген болжам бар.

Жаңа бастамаларды қаржыландыру үшін мынадай өзгерістер ұсынылады: Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 250 миллиард теңгеге ұлғайтып, 2 700 миллиард теңгеге дейін жеткізу; тапшылықты жалпы ішкі өнімге қарағанда 1,5%-дан 2,1%-ға дейін ұлғайту. Сонымен бірге Тікелей инвестициялар қорын құру үшін Ұлттық қордан 370 миллиард теңге мөлшерінде нысаналы трансферт қарастырылған. Бұл ретте түсімдер мен пайдалануды ескергенде Ұлттық қордың таза түсімдері оң нәтижеде болады, — деді Руслан Дәленов.

Министрдің айтуынша, мұнайдан басқа тапшылықтың деңгейі 2019 жылы жалпы ішкі өнімнің 8,4%-ынан аспайды. Республикалық бюджеттің шығысы бекітілген көлемге қарағанда 1,2 триллион теңгеге ұлғая отырып, 11,9 триллион теңге көлемінде болады.

ДереккөзInform.kz