Нұрсұлтан Назарбаев: Еркектер қауымына ойланатын кез келді

Нұрсұлтан Назарбаев әйелдер қауымы өкілдерімен болған дәстүрлі «Көктем шуағы» атты кездесуде көпбалалы аналарға арналған жаңа ауқымды әлеуметтік шаралардың көлемі біртіндеп арта беретінін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Негізінен, бұл қолдау шаралары табысы төмен көпбалалы отбасылар үшін әлеуметтік көмекті күшейтуге бағытталады. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар көлемі артып, бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы өседі, тұрғын үйлер салынады. Сонымен бірге «Бақытты отбасы», «Құтты мекен» және «Ауыл — ел бесігі» жобалары жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған, — деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев келешек ұрпақты тәрбиелеу ісінде әйелдердің айрықша роль атқаратынын айтты.

Әлемдегі ең маңызды нәрсе әйелдің қолынан келеді. Ол адамға өмір сыйлайды. Орта есеппен бір отбасында үш бала тәрбиеленіп отыр десек, бір жылда шамамен 400 мың сәби өмірге келеді. Бала — бір отбасының байлығы мен мақтанышы ғана емес, тұтас елдің баға жетпес капиталы. Сондықтан біздің аналарымыз, әсіресе, көпбалалы аналар, ерекше құрмет пен алғысқа лайық. Олар халқымыздың игілігін еселеп, нағыз ерлік көрсетіп отыр, — деді Мемлекет басшысы.

Президент қазақстандықтардың әл-ауқаты мен отбасы өмірінің құндылықтары мемлекеттің берік негізі саналатынын атап өтті.

Қарқыны күшті әрі жаңашылдыққа толы заманда сіздер ел игілігі үшін өз әлеуеттеріңіз бен қабілеттеріңізді табысты жүзеге асырып келесіздер. Түрлі сала мен бағытта жаңа белестерді бағындырып, маңызды нәтижелерге қол жеткізіп отырсыздар. Менің жаңғыру жөніндегі идеяларымды іске асырудың бастауында әйелдер қауымы тұр, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әйелдердің ел өміріне белсенді атсалысып отырғанын айтты.

Бүгінде білім беру және денсаулық сақтау саласындағы әйелдердің үлесі 70%-ға жетсе, қаржы және сақтандыру мекемелерінде 60% болады, ал ауыл шаруашылығында — 45%. Бизнесте, шығармашылық саласы мен спорт әлемінде зор табысқа қол жеткізген әйелдер аз емес. Бізге, яғни еркектер қауымына, сіздерден қалып қоймау үшін ойланатын кез келді, — деді Мемлекет басшысы.

Соңында Президент еліміздің әйелдер қауымы өміріміздің айнасы екенін әрі халқымыздың мінез-құлқын айшықтайтынын айтты.

Әйелдерді халықаралық мерекемен құттықтауға арналған «Көктем шуағы» кездесуіне биыл Премьер-министрдің орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, «Астана-Зеленстрой» АҚ бригада жетекшісі Наталья Ермолина, Алматы облысы Алакөл ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Дүйсебаева, краншы Айжан Асмағамбетова, Қостанай облысы Мичурин ауылдық округінің әкімі Вероника Клочко, Qazaq-Oner қолөнершілер орталығының басшысы Айгүл Жансерікова, ақын, «Жетісу» газетінің тілшісі Мақпал Тәжмағанбетова, «Кішкентай» әлеуметтік ателье» жобасының жетекшісі Айгүл Мұстафина, онколог-дәрігер Виктория Юн, мұғалім Нұржамал Садықова, «Назарбаев Университеті» ДББҰ Ғылым және технологиялар мектебінің ассистент-профессоры Анар Сандығұлова, көші-қон қызметінің инспекторы Айжан Әбішева, «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Светлана Мәутеева, «ДАНА» жеке білім беру мектебінің бас директоры Күләнда Батырбекова, актриса Самал Еслямова, Life4job ЖШС директоры Айнұр Бақтығалиева, Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің жетекші солисі Клара Төленбаева қатысты.