Нұрсұлтан Назарбаев Мысырдағы трагедияға байланысты көңіл айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисиге көңіл айту жеделхатын жолдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеделхатта Мемлекет басшысының Каирдің теміржол вокзалындағы жарылыс салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.

Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, — делінген жеделхатта.

27 ақпанда Мысыр астанасындағы Рамсис теміржол вокзалында пойыз қатты жылдамдықпен платформаға соғылған еді. Соққы салдарынан платформа мен вагондар отқа оранды. Соңғы мәлімет бойынша 28 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жарақат алған. Елдің Көлік министрі Хишам Арафат отставкаға кетті.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі төтенше оқиға кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында еліміздің азаматтары жоқ екенін хабарлады.