Ұлыбританиядан келген қазылар алқасының мүшесі Leanne Stott айтуынша, осындай екі күндік аймақтық сайыс жақында ғана Македония мен Литвада өтіпті. Пәнаралық тест (Knowledge Challenge), эссе жазу (Pen Down Challenge), ауызша баяндау (Speech-Craft Challenge), импровизация (Impromptu Challenge), топтық викторина (Team Spirit Challenge) сияқты бес түрлі сыннан тұратын сайысқа енді Қазақстанның оқушылары қатысып отыр. Бұдан жеңімпаз болған топтар төрт күн бойы өтетін әлемдік сайысқа жолдама алады.
Бұл олимпиадаға 11-14 (Owlets) және 15-18 (Owlys) жастағы оқушылар қатыса алады. Олар әуелі онлайн тіркеліп, экономика және бизнес, әлеуметтік ғылымдар, әдебиет және мәдениет, жаратылыстану ғылымдары және технология, сонымен бірге жалпы білім сияқты алты бағыттың бірін таңдайды.
Galaxy халықаралық мектебінде бұл күндері мерекелік атмосфера орнаған. Өйткені Owlypia жарысының басты принципі жарыстыру емес, оқушылардың ерекше қабілетін аша отырып, оларды бір-бірімен достастыру. Бұл жерде қатал комиссия, бақылаушылар емес, қол үшін беріп, көмектесуге дайын тұратын ұйымдастырушылар жүрді. Үш оқушыдан тұратын командалар да өздерін еркін сезініп, тапсырмаларға барынша ынтамен ден қойды.
Олимпиадаға қатысып жатқан Galaxy халықаралық мектебінің команда мүшелері Даяна, Мария және Алимжон эссе жазу сайысынан шығып, пікірлерін айтты.
Шығарма жазудың қиын тұсы бар ойымызды екі бетке сыйдыру болды. Өйткені идеяларымыз екі беттен асып кетті. Бірақ бар креативімізді қостық. Ұсынылған тақырыптар да өте қызық болды, — дейді олар.
Ал 10-сынып оқушылары Рауан, Алина, Бауыржан, Әнел астаналық Spectrum халықаралық мектебінен келіп отыр. Олардың айтуынша, ең қиыны емтихан кезеңі болыпты. Өйткені бір сағаттың ішінде 65 сұраққа жауап беру керек. Болашақ мамандықтары мен оқу орны жайлы сұрағанымызда барлығы шетелдік университеттерді таңдайтынын айтты. Қыздар «гуманитарлық мамандық таңдаймыз» десе, жігіттер «инженер боламыз» деп жауап берді.
Owlypia сайысы еліміздің үздік мектептерінде оқитын оқушыларды жинаған. Еліміздің интеллектуал болашағының ағылшын тілінде ойын еркін жеткізіп, шекарасыз ойлайтыны бізді тамсантты.