Басты бетЖаңалықтарЖеңіс Қасымбек...

Жеңіс Қасымбек Таразда зардап шеккендерге барлық көмек көрсетілетінін айтты

Тараздағы төтенше оқиғаны тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен оқиға орнында болып, тексеріс қорытындысы бойынша шұғыл штабтың жұмыс кеңесін өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкіметтік комиссия өкілдерінің мәліметінше, қазір газдың жарылу себептерін анықтау мақсатында сотқа дейін тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Шұғыл деректер бойынша зардап шеккендер саны 9 адам, оның 3-уі қаза тапты. Жергілікті атқарушы органдармен бірге зардап шегушілерге көмек көрсетіліп жатыр. Апат болған үйдің 100-ден астам тұрғыны №47 мектепке, зардап шеккендердің бір бөлігі «Бәйтерек» ықшамауданындағы көпқабатты үйге уақытша көшірілді. Оларға ыстық тамақ беріліп, уақытша тұруға қажетті жағдайлар жасалған, медициналық-психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Жеңіс Қасымбек зардап шеккен азаматтармен кездесіп, алдағы қолдау шаралары туралы хабарлады.

Әзірге бұл үй жабық болады, онда тиісті зерттеу жұмысы жүргізіледі. Үйдің қайта қалыпқа келтіруге жарайтын-жарамайтынын және тағы басқасын тексереміз. Бұған уақыт керек. Жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде әкімдік сіздерге өмір сүруге қажетті барлық жағдайды жасайды, — деді Жеңіс Қасымбек.

Шұғыл штабтың жұмыс кеңесіне Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов және полиция департаменттерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, «Жедел құтқару жасақтары» мекемесінің, «ҚазТрансГазАймақ» ЖБФ, «Тараз қалалық электр желілері» ЖШС өкілдері қатысты.

Премьер-министрдің орынбасары Жамбыл облысының әкіміне тиісті қызметтерге апаттық-қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуге көмек көрсетуді, зардап шеккендерге қалыпқа келтіру кезеңінде өмір сүруге қажетті жағдайлар жасауды тапсырды.

Тараздағы төтенше оқиғаға байланысты +7 7262 51 35 75 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істеп тұр. Төтенше оқиға 27 ақпан күні сағат 06.21-де болды. Жарылыстан көпқабатты үйдің 1-3-қабаты құлап қалды. Алдын ала мәлімет бойынша жарылыс газ жабдығын дұрыс қолданбау салдарынан болған. Оқиға салдарынан үш адамның қаза тапқаны хабарланды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев марқұмдардың отбасына көңіл айтты.