Асқар Мамин: Бұл нақты істер Үкіметі болуы керек

Үкіметтің жаңа құрамы алғашқы отырысын өткізді.

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, жаңа Премьер-министр Асқар Мамин ҚР Президентінің жарлығымен тағайындалған министрлерді таныстырды. Үкімет басшысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қазіргі уақытта Ақтөбеде екенін, оның келесі Үкімет отырысына қатысатынын айтты. Үкіметтің жаңадан тағайындалған мүшелері — Күләш Шәмшидинова, Роман Скляр, Сапархан Омаров пен Руслан Дәленов ант берді.

Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр, бұл — үлкен жауапкершілік. Сондықтан сол сенімді ақтауымыз керек. Үкіметтің жаңа құрамы айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуын жаңа сапалы деңгейіне шығару, халықтың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірінші кезектегі міндеттерді қойып отыр. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқатын арттыра аламыз, — деді Асқар  Мамин.

Премьер-министр осы аптада «Нұр Отан» партиясының съезінде халықты әлеуметтік қолдауды күшейту және олардың тұрмыс сапасын арттыру бойынша жаңа шаралар жарияланатынын атап өтті.

Осы орайда келесі Үкімет отырысында Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған шараларды талқылаймыз, — деді Асқар Мамин.

ДереккөзInform.kz