Үкіметтің жаңа құрамы бекітілді

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы жарлыққа қол қойды. Үкімет мүшелерінің тағайындалуы туралы осы және басқа да құжаттар Ақорданың сайтында жарияланды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармағына  сәйкес Президент қаулы еткен жарлықпен Үкімет мүшелері былай тағайындалды:

Әлихан Смайылов – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;

Жеңіс Қасымбек – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары;

Бейбіт Атамқұлов – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі;

Нұрлан Ермекбаев – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі;

Ерлан Тұрғымбаев – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;

Дәурен Абаев – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі;

Марат Бекетаев – Қазақстан Республикасының Әділет министрі;

Елжан Біртанов – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі;

Арыстанбек Мұхамедиұлы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі;

Асқар Жұмағалиев – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;

Қанат Бозымбаев – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі.

Президенттің жарлығымен Гүлшара Әбдіқалықова Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды.

Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылсын, — делінген жарлықта.

Президент Бердібек Сапарбаевты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа да қол қойды. Ол Ақтөбе облысының әкімі қызметінен босатылды.

Сапархан Омаров Президент жарлығымен Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.

Сапархан Кесікбайұлы Омаров Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалсын, — делінген жарлықта.

Күләш Шәмшидинова Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Роман Скляр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, Руслан Дәленов Ұлттық экономика министрі, Ерболат Досаев Ұлттық банктің төрағасы болып тағайындалды. Данияр Ақышев Ұлттық банктің төрағасы қызметінен босатылды.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаттары бір топ министрдің кандидатурасын мақұлдаған еді.