Жақсыгүл Қалжанова — балалар ақыны, педагог, ҚР білім беру саласының үздігі. «Балдәурен — ән дәурен», «Бесіктен беске дейін» кітаптарының авторы бұл жинақтарына балаларға арналған шығармаларын, балалар әлеміне қатысты басқа да көркем дүниелерді және бала тәрбиелеуде ата-ана мен балабақша тәрбиешілеріне қажет болар әдістеме материалдарды топтастырған. Біз автормен мына тақырыптар жөнінде сұхбаттастық:

  • Боямақтардың бала дүниетанымының кеңеюіне ықпалы;
  • Кішкентайларға «ұят», «обал», «намыс» сияқты ұғымдарды түсіндірудің маңызы;
  • Баланы кітап оқуға қызықтырудың амалдары.
Жақсыгүл Қалжанова. Фото жеке архивінен
Жақсыгүл Қалжанова. Фото жеке архивінен

— Балдырғандарға арналған шығарма жазуға балабақшада жұмыс істеуіңіз себеп болғаны рас па?

— Кезінде аралас тілдегі балабақшада жұмыс істедім. Қазақ тобына тәрбиеші болдым. Тәуелсіздік алған жылдары қазақ тобы балабақшасы болуы керек деп үй-үйді аралап, балаларды жинап, қазақ тобын аштық. 20-30 бала жиналды, оларға азаннан кешке дейін ата-ананың тәрбие-білімі берілуі керек болды. Ол кезде балаларды оқытатын арнайы қазақша әдістемелік оқулықтар, хрестоматиялар жоқ еді. Балалар көрсем, білсем деп тұрғанда білімді дұрыс беріп, танымын кеңейту, сөздік қорын дамыту міндет болды. Балаларға арналған ғибратты әңгімелер мен өлеңдер көп. Бірақ балдырғандарға ол түсініксіз, күрделі болды. Содан балаларды қалай оқытамыз, қайткенде танымын кеңейтсек болады деп көп ойландық. Жастайымда анамнан ерте айырылып, анама деген сағынышты қағазға түсіретін едім. Өлең жазатын қабілетім болатын. Балаларға сәйкес келетін өлең жазу арманы жетелеп, жазуға себепкер болды. Шын ниеттеніп, қиналып еңбектенсең, Алланың өзі көмектеседі, бәріне жетеді екенсің. «Тәрбиеші аю», «Айнытпай сал», «Ана әлдиі» картон кітапшалар мен «Дос іздеген бота», «Тазалық тұрағы», «Құмырсқаның шеберханасы» атты боямақтар ертегі желісімен республика көлемінде жарық көрді.

"Дос іздеген бота" боямағы
«Дос іздеген бота» боямағы. Фото: Infourok.ru

— Балаларды ертегі желісімен жасалған боямақтармен оқыту не үшін маңызды?

— Балаларға суретті кітап шығару керек болды. Бала үшін суретсіз кітап кітап емес. Бала суретті ұғына отырып танымын арттырады. Балаларға арнап жазатын авторлар шығармада ұғым-түсініктерді, атауларды көп атамайды, насихат жолымен кетеді. Үйдің аты аталмаса, ағаштың аты аталмаса, өсімдіктің, аңның аты аталмаса, бала оның суретін қалай салады, дүниені қалай танып біледі? Содан ертегілер желісімен жасалған боямақ кітапшалар алғаш басып шығарылды. Балабақшада жұмыс істегендіктен керек заттардың атауы жинастырылған көркем топтамалар жоқ екенін түсіндік. «Дос іздеген бота» — қара сөзбен жазылған ертегі желісіндегі боямақ кітапшалардың ең біріншісі. Кішкентай бота өзіне дос іздеп, жануарлармен араласу барысында әр түліктің атауы мен сол атаулардың дыбысталуын біліп отырады. Шығарманың балаға берер негізгі ғибраты — кейіпкерлердің бір-біріне мейіріммен жол сілтеуі.

— Жақында «Бесіктен беске дейін» атты жыр жинағыңыз шығыпты. Осы кітабыңыз жайында айта кетсеңіз?

— Жинақ «Бисмиллә»деп бөпешім, Ақ бесікке бөлейін. Бесік жайлы өзіңе Жырымды айтып берейін. Бабаң жатқан бұл бесік — Әр қазақтың төрінен Орын тапқан сыр бесік» деген жолдары бар бесік жырынан басталады. Балаға тәрбие бесіктен басталып, бес жасқа дейін беріледі. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» десе, Бауыржан Момышұлының «бесік жыры жоғалып кете ма деп қорқамын» дегені белгілі. Бәрінің уайымдағаны — осы нәрсе. Киелі бесіктің қаншама қасиеті бар. Ананың баласын бесікке бөлеп, әдемі үнімен бесік жырын айтуы — үлкен тәрбиенің негізі. Бала бесікте жатқан шағында сөйлей алмағанымен бәрін түсінеді. Бесік жыры өшпесін деп, сол үшін өз үлесімді қоспақ ниетпен осы өлеңдер жинағын жарыққа шығардым. Бала бесіктен шығып, көзі ашылып, санасы ояна бастайды, ары-бері жүріп бастағанда тынымсыз болады. Сол кезде балаға шектеу қоймау керек, оған «абайла» дегенді жаймен түсіндіру керек:

«Тәй-тәй басып аяғыңды

Жүрген кезде абайла.

Тілсіз заттан таяқ жеп,

Жарақат алма, жарай ма?!

Жан-жағыңа қарайлап,

Асықпай жүр, абайла.

Кедергіге кездескен

Сүрініп қалма, жарай ма?!»

Анамыздың ең алғаш берген тәрбиесі «ұят болады» деген сөзі еді. Жалпы, қазақ баласын екі ауыз сөзбен тәрбиелеген: «ұят болады», «обал болады». Жаман қасиеттердің не себепті жаман екені түсіндірілмесе, ол сол ұқпаған күйі қалып, жаман нәрсе ол үшін қалыпты нәрсе болып кетуі мүмкін, сол үшін балаға әр нәрсенің, іс-әрекеттің дұрыс не бұрыс екенін ұқтырып отыру керек. Балаға жақсы және жаман қасиеттер туралы кішкентай кезінен айтылса, ол ешқашан санасынан өшіп кетпейді, мәңгі қалады:

«Сұрамай біреуден зат алсаң,

Ұрлықшы бала атансаң,

Атаңа ұят болады.

Өтірік айтып бөссең,

Үлкеннің алдын кессең,

Әкеңе ұят болады».

Адамға керек негізгі қасиеттер — ұят, намыс пен обал туралы түсініктер де балаға кішкентайынан айтылуы керек:

«Нанмен ойнап қолыңдағы,

Ұсағын жерге түсірме!

Обал болады!

Жартысын жеп асыңның,

Жартысын төгіп, тастама!

Обал болады!»

— Қазіргі балалар смартфоннан көз алмай отырады. Ондай кезде, тіпті, тамақ ішкізу де қиын. Ондайда не істеу керек?

— Балаларға «көзіңді сол нәрседен алмайсың, таңнан кешке дейін қолыңнан түспейді» деп ұрсып жатамыз. Ал соның түп негізін ақтарып қарасақ, кінәлі ата-ана болады. О баста өзіміз «Ана жұмысымды істеп алайын, сен мынаумен ойнай тұр»деп тастап кетеміз де, соған үйретіп аламыз. Ол жерде бала кейде көруге болмайтын нәрселерін де қарап қоюы мүмкін. Ондай жағдайда балаға «гаджетпен ойнамайсың» деп тыйым жасауға да болмайды, өйткені заманнан қалмауымыз керек. Тек ата-ана тарапынан қадағалау мен шектеу болуы керек. Балаға кітап оқытуды кішкентайынан бастау керек. Бастапқыда баланы кітап оқуға жігерлендіріп, оны орындағаннан кейін мақтап, марапаттап отыру керек. Бала мақтағанды жақсы көреді, мақтау оны ынталандырады. Ол үшін балаларға арналған кітаптар қызық әрі жанды суретке толы болуы керек. Бізде әлі де болса суретті кітаптар мен әр баланың жасына сай әдебиеттер, анимациялар жетіспейді деп ойлаймын.

— Cұхбатқа уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Ұлдана Сағынтаева

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!