Қазақстанда мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл Алматыдағы мәдениет ұйымдарының мамандарына 60 қызметтік пәтер табысталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бұл бастама мемлекет басшысының мәдениет саласы қызметкерлерін қолдау жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Үкімет кейінгі жылдары мәдениет ұйымдары қызметкерлерін қызметтік тұрғын үймен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Бағдарлама бойынша 2024 жылы Астанадағы мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 200 пәтер берілген болатын. Ал биыл бұл жұмыс жалғасып, Алматыдағы мамандарға қосымша 60 пәтер бөлінді.
Пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ресми мәлімет бойынша, мемлекет басшысының қолдауымен бүгінгі күнге дейін мәдениет саласы қызметкерлеріне жалпы саны 260 пәтер берілген.
Сала мамандарының пікірінше, мұндай әлеуметтік қолдау іс-шаралары қызметкерлердің тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, мәдениет саласында білікті кадрларды сақтап қалуға және мамандықтың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
