Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениетті насихаттау мен оған ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетуді айтқан еді. Осы тапсырма аясында қазақ әдебиеті үлгілері әлемнің алты тіліне аударыла бастады. Біз бүгін мемлекет қолдауын балаларға арналған әдеби шығармашылыққа бұру жөнінде әңгімелейміз. Спикеріміз — ақын, жазушы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, «Сары гүл», «Жүректегі ағыстар», «Көңіл көктемі» атты жыр кітаптарының авторы Саят Қамшыгер. Оның балаларға арналған «Менің алғашқы кітабым», «Менің алғашқы танымым», «Менің сүйікті әліппем» атты кiтаптары жарық көрген. Саят Қамшыгер өзге халықтар әдебиетіндегі балаларға арналған шығармаларды қазақ тіліне аударуға көңіл бөліп жүр.

— Саят мырза, аударма саласындағы алғашқы еңбегіңіз — башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана!» («Не оставляй, мама!») атты кітабы екенін білеміз. Бұл кітапты аударуыңызға не түрткі болды?

— Осыдан үш жыл бұрын Бакуде өткен түркі ақын-жазушыларының байқауына барған едім. Фестивальге башқұрт халқының жазушысы Айгиз Баймұхаметов те келді. Екеуіміз қонақүйдің бір бөлмесіне бірге қоныстандық. Кетер кезде Айгиз делегаттардың бәріне орысшаға аударылған «Не оставляй, мама!» деген кітабын сыйлады. Қайтып келе жатқан кезде ұшақта Өзбекстаннан келген қыз қайта-қайта су сұрап, жүрегін ұстап, жылап отырды. Мен одан «бір жерің ауырып отыр ма?» деп сұраған кезде қолындағы Айгиз сыйлаған кітабын көрсетіп, «мына кітапты оқығаннан қан қысымым көтеріліп, жылап отырмын» деді. Егер кітап бір адамды жылатып, көңіл-күйіне осылай әсер етсе, демек, ішінде жақсы дүние жазылған деген ой түйдім. Үйге келген соң бұл кітапты келіншегім, қызым мен ұлым таласа жүріп оқып шықты. Олар маған кітапты оқып жылағанын, ішінде балалардың аянышты тағдыры, тәрбие­шілердің өмірі, балалар үйіндегі ұл-қыз­дардың тыныс-тіршілігі туралы жазылғанын айтты. Одан кейін кітапты мен де оқыдым. Оқу барысында бірнеше рет кітаптың оқиғаларына толқып, көз жасымды сығып алған кезім де болды. Содан бұл кітапты қазақ оқырманы да оқуы керек деген тұжырымға келдім. Шыны керек, прозадағы тұңғыш аудармам болғаннан кейін асықпай, жеті-сегіз ай ішінде аударып шықтым.

Кітапты аударып болғаннан кейін жазушылар мен аудармашыларға оқытып, тексертіп алдым. Бір байқағаным, аударма ауыр жанр екен. Бір кітаптың көтеріп тұрған жүгін бере білу қажет. Мысалы, кітапта балалар үйінің директоры — қатыгез кейіпкер. Ол балаларға үнемі ұрсып, әлімжеттік жасап жүреді. Сол кісі балаларға «бараны» деп ұрсады. Мен оны ойланбастан «қойлар» деп аударып жіберіппін. Ал редакциялаған мамандар қазақта «мал екенсің» деп айтады, «мал» деп ұрсады деген соң, «қой» орнына «мал» сөзін пайдаландық. Дегенмен кітаптың тілі жатық, 1-сынып оқушыларынан бастап егде жастағы адамдар да оқи алады. Бұл кітап оқырманға не береді? Ең бірінші, оқырман ата-ананы сыйлауды, олардың қадірін білуді үйренеді. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірін көріп, өз өміріне тәубе дейді.

Саят Қамшыгер
«Тастамашы, ана!» кітабы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Сонымен «Тастамашы, ана!» кітабым 2018 жылы 3000 тиражбен жарыққа шықты. Одан кейін баспа тағы да 2000 тираж шығарды. Екеуі де 1,5 айдың ішінде сатылып кетті. Қазіргі күні Айгиз Баймұхаметовтің «Детство без сказок» деген кітабын «Ертегісіз өткен балалық шақ» деп аударып жатырмын. Ол — «Тастамашы, ана!» кітабының жалғасы. Бұйырса, бір айдың көлемінде аяқтап, кітап қылып шығару ойда бар.

— Алғашқы аудармаңызды қазақ оқырманы қалай қабылдады?

— Айгиздің айтуынша, Башқұртстанда кітап үлкен резонанс туғызған. «Тастамашы, ана!» кітабы жарыққа шыққаннан кейін туындыда баяндалған балалар үйі жабылып, директоры қызметінен босатылды, оның мектептерде жұмыс істеуіне 10 жылға тыйым салынған екен. Ал біздің елімізде кітапты оқып шыққан таныстарым балалар үйінен бала асырап алғысы келетінін айтты. Одан бөлек, оқырмандарым хабарласып, «кітаптан рухани азық алдық, қатты тебірендік» деп жатты. Кейбірі Айгиздің өзіне кітаптан алған әсерін қазақ-орыс тілдерінде жазып, суретке түсіп жібереді екен.

Бір кездесуде орыс тілінен сабақ беретін мұғалім: «Бұл кітапты оқимын деп ойлаған жоқпын. 9-сынып оқушыларына сабақ өтіп жатқан кезде Диас есімді бала кітап оқып отыр екен. Содан: «неге сен менің сабағымда басқа кітап оқып отырсың» деп, кітапты тартып алдым. Орныма жеткенше сабағын әрең оқитын бала қалайша кітап оқып қалды деп бардым. Содан соң кітапты ашып, алғашқы беттерін оқи бастадым. Қызыққаным соншалық, кітаптың ішіне кіріп кеттім. Сабақ жайына қалды. Сол кезде Диас «апай, бұл түк емес, 30-бетке келгенде жылайсыз» деді. Содан не керек, 21-бетке келгенде, қоңырау соғылды. Диасты шақырып алып, кітапты бір күнге бере тұруын сұрадым. Үйге бара салып, кітапты оқи бастадым. Кітапты оқыған сайын көңілім құлазып, жылай бердім. Жылағаныма алаңдаған жолдасым мен балаларым не болғанын сұрағанда өксігімді баса алмай, кітапты көрсеттім. Мектеп бітіргелі оқыған алғашқы қазақша кітабым осы екен», — деп басынан өткен оқиғасын айтып берген еді.

— Сізді оқырман қауым ақын деп таниды. Шығармашылығыңыздың бір бөлігі балаларға арналған поэзиядан тұрады. Әдебиеттің бұл саласына кез келген қаламгер келе ала ма?

— Өлең, проза дегендер — өздігінен жазыла беретін жанрлар. Ал екінің бірі балалар тақырыбына кітап жаза алмайды. Себебі баланы сүймесе, балалық шағы қызық өтпесе, балалы болып, ата-ана атанбаса, бала тәрбиелеп отырмаса, балалар тақырыбына жазу өте қиын. Бала боп қуана білмеген адамнан да жақсы бір дүние шыға қояды деп ойламаймын. Сондықтан да балалар сияқты ойлай білу, олардың сұранысына ие болу қажет. Мен де балалар әдебиетіне бірден келе қойған жоқпын. Әке атанған кезде ең қуанышты сезімді бастан өткеріп, алғаш рет сол ұлыма арнап өлең жаздым. Бүгінде балаларға арналған өлеңім көп. Қазіргі уақытта балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналында жұмыс істеймін. Жұмысым да балалар шығармашылығымен тығыз байланысты. Одан өзге, осы күнге дейін балаларға арналған үш кітабым жарық көрді. Олар: «Менің алғашқы кітабым», «Менің алғашқы танымым», «Менің сүйікті әліппем» деп аталады. Айта кететіні, кітаптарымда отбасы құндылықтарын қамтуға тырыстық. Мысалы, кітапта «А» әрпіне құрақ көрпеде отырған қазақтың анасын, «Ә» әрпіне баласын ойнатып отырған әкені, «Б» әрпіне қазақтың баласын бейнеледік.

Саят Қамшыгер
Саят Қамшыгер. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Бүгінде балалар әдебиетінің жүгін арқалап жүрген қаламгерлеріміз азайып бара жатқан сияқты. Балалар әдебиетінде елеулі еңбегі бар ақын-жазушылардан кімдерді атай аласыз?

— Шынымен де балалар әдебиетіне қалам тартып жүргендердің қатары сиреп кетті. Олардың көбі — үлкен кісілер. Қазіргі күні біразы өмірден өтті. Олардың орнын басатын жастардан да, орта буын өкілдерінен де адам аз. Серікбол Хасан есімді ақын жігітіміз бар. Ол балалар психологиясын жақсы меңгерген. Қысқа әңгімелері арқылы танылған жазушы Шәкен Күмісбайұлы ағамыз бар. Оның балаларға арнап жазылған «Қаракерей Қабанбай», «Қанжығалы Бөгенбай», «Шақшақ Жәнібек», «Райымбек батыр» атты кітаптары бар. Арасанбай Естен, Байбота Қошым-Ноғай есімді ақын ағаларымыз бар. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің балаларға арналған шығармалары жетерлік. Серік Үсенұлы есімді жазушы ағамыз қазақтың салт-дәстүрлерін балаларға арнап, түсінікті тілмен жазып жүр. Одан басқа, Нұрлан Құмар, заманауи қиял-ғажайып ертегі жазып жүрген Асхат Өмірбаев есімді жігіттер бар. Атай берсең, бар, әрине, бірақ олар 18 миллион халыққа аз.

Оралға іссапармен барған кезде «Казкон» деген мекемеде болдым. Мекеменің бір ерекшелігі жыл сайын қызметкерлеріне 30 кітап оқытады екен. Бір бөлмеге әр кітаптың 10 данасынан әкеліп қояды. Содан кейін жыл соңында эссе жазғызып, кімнің көп кітап оқығанын анықтайды. Жеңімпазға шетелге екі адамға жолдама береді. Мекеме басшысының айтуынша, оларға кітап оқыған, білімді, кемел ойлайтын, болашағы бар маманмен жұмыс істеген жақсы. «Қызметкер кітап оқымаса, ойлауға бейім болмайды және кітап оқыған адамда мейірімділік, аяушылық сезімі болады, ұжыммен жұмыс істеудің қадірін біледі», — дейді.

— Ақын Ескен Елубаевтың «Түбінде әдебиет жоғалады. Бірақ балалар әдебиеті қалады» деген сөзі бар. Бүгінгі балалар әдебиетінің жай-күйін, беталысын қалай бағалайсыз?

— Қолымдағы «Тастамашы, ана!» кітабы мемлекеттің қолдауымен шыққанда 100-120 мың теңге көлемінде қаламақы төленетін еді. Қалай ойлайсыз, бұл аз ба, әлде көп пе? Әр жұмыстың өзіне сай өтемі болуы керек деп есептеймін. Егер мемлекет кітапқа, газет-журнал беттеріне шыққан шығармаларға төленуі керек қаламақыны қайта қалпына келтірмесе, ақын-жазушылар мен журналистерден ақырындап-ақырындап ажырап қалуы мүмкін. Бұл — үлкен қауіп.

Қазір тисе, терекке, тимесе, бұтаққа деп жазып жатқандар бар. Қаржысына қарай балаларға арналған кітап шығарып алып, таратып жүргендер де бар. Бірақ, өкінішке қарай, саны бар, сапасы жоқ кітаптар. Салдарынан оны оқырман қызығып оқымайды. Бір-екі бетін ашып, қоя салады. Қазіргі балалардың, жастардың талғамы жоғары. Олар әлем әдебиетін біледі және оларды іздеп жүріп оқиды.

Жазушылар мен балалар арасында шығармашылық байланыс орнату үшін мемлекет тарапынан байқаулар, сапарлар ұйымдастыру керек шығар деп ойлаймын.

Саят Қамшыгер. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Қазір балаларға арналған əлемге танымал туындылар жетерлік. «Гарри Поттер» сияқты экрандалған шығармаларды бүгінгі баланың қай-қайсынан сұрасаң да біледі. Дегенмен дəл осындай шығармалар қазақ əдебиетінде жоқтың қасы. Фантастика жанрында жазатын авторлар неге жоқ?

— Тәуелсіздік алғанымызға енді ғана 30 жылдай болып қалды ғой. Енді еңбектей бастаған балаға «сен неге ана спортшыдан жеңіліп қалдың» дегендей талап ете алмаймыз. Тек әдебиет емес, сурет, кино, тағы басқа салалардан да енді ғана әлемдік деңгейге шығып келеміз. Қазіргі күні шетелге шығу мүмкіндігі көбейіп, ой-өрісіміз өзгеріп, өмірге басқаша көзбен қарап келе жатырмыз. Мысалы, 10 жыл бұрын балалар үйі туралы жазылған кітаптарды қазақ оқырманы оқи алмайтын. Өйткені қазақта балалар үйінде тәрбиеленген, өскен жазушылар жоқ. Ал балалар үйінде өскен балалардың жазуға қабілеті жоқ. Бірақ башқұрттың жап-жас жігіті осы тақырыпта төрт кітап жазып тастады. Сол арқылы қазақ әдебиетінің кеңістігіне шығып отыр.

«Сақиналар әміршісі», «Гарри Поттер» туындылары әлемдік деңгейге қалай көтерілді? Бұған жазушының ғана емес, бірнеше адамның тікелей қатысуы себеп болып отыр. Сіз жазушы болсаңыз, мен әдеби агент болсам, сізге келіп, «Жұлдыз бен Жердің соғылуы» деген материал жазуыңызды сұраймын. Алдыңызға сауалнамалардың нәтижесін, осы тұжырым бойынша газет беттеріне шыққан материалдар мен деректі фильмдердің үзінділерін әкеліп беремін. Қолыңызға 10 мың доллар беріп, үш ай көлемінде 100 бет жазып беруіңіз керек екенін айтамын. Аяқтаған соң 90 мың долларыңызды аласыз деймін де, әлі жарыққа шықпаған, енді жазылып жатқан шығарманы телеарналардан, сайттар мен газет-журналдардан жарнамалауды бастаймын. Нәтижесінде оқырман қызығып, кітаптың жарыққа шығуын күтеді. Кітап шыққаннан кейін кітапты агенттің менеджері сатады. Ал сатылымнан түскен қаржыны агент, баспа, жазушы үшке бөліп алады. Мен былтыр Англиядағы әдеби агенттің бір менеджерімен осы тақырыпта сөйлескенмін. Сондықтан да айтып отырмын. «Біз сияқты «үш жыл бұрын баспаға кітабымды өткізіп қойып едім әлі шықпады» немесе «кітабымды қалай шығарсам екен» деп жүрмейді. Демек, мемлекет бізге қамқорлық танытпаса, болашақта ақын-жазушыларымызға осындай менеджер табу керек болады.

Әр халықтың өзіне тән ерекшелігі болады. Қазақ — сөз өнерінің халқы. Бізде өлең жазатындар көп. Бірақ халыққа жақыны аз. Аққудың ақ екенін білу үшін қарға керек қой. Сол сияқты оқырманның өзі жақсы туынды мен жаман шығарманың ара-жігін ажыратып алады.

— Оқырманға, әсіресе, жастарға қандай кітап оқуға кеңес бересіз?

— Ең бірінші, Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Менің атым Қожа», Сайын Мұратбековтің «Жабайы Алма», «Жусан иісі», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқуға кеңес беремін.

— Әңгімеңізге рақмет!