Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Қазақы тазы Италия чемпионы атанды

Қазақстанның ұлттық ит тұқымы – қазақы тазы халықаралық аренада тағы бір жетістікке қол жеткізді. Италияда өткен беделді кинологиялық көрмеде Кербез есімді тазы «Италия чемпионы» атағын жеңіп алды.

Бұл туралы Ұлттық «Nomad» клубы хабарлады. Клуб өкілдерінің айтуынша, Кербез халықаралық көрмеде Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған.

Мамандардың пікірінше, бұл жеңіс тек ит иелері мен бапкерлерінің еңбегінің жемісі ғана емес, сонымен қатар қазақы тазы тұқымын әлемге таныту жолындағы маңызды қадам. Соңғы жылдары ұлттық ит тұқымын халықаралық деңгейде насихаттау жұмыстары күшейіп, оның танымалдығы артып келеді.

Клуб өкілдері әрбір осындай жетістік қазақы тазының әлемдік кинологиялық қауымдастықтағы беделін нығайтып, шетелдік мамандардың қызығушылығын арттыратынын атап өтті.

Еске салайық, қазақы тазы Қазақстанның мәдени мұрасы ретінде танылып, соңғы жылдары халықаралық деңгейде мойындату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кербездің Италиядағы жеңісі осы бастамалардың жемісі ретінде бағалануда.