Демалыс күндері ауа райы қандай болады?

Еліміздің оңтүстігіне Каспийдің оңтүстігінен фронттар келсе, батыс пен солтүстікке Ресейдің батысынан белсенді циклон жетеді.

Қысқы жауын
Фото: Smi44.ru

«Қазгидромет» РМК мамандары 23-25 ақпан күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады. Синоптиктердің мәліметінше, Ресейде болған белсенді циклон еліміздің батысы мен солтүстігінің ауа райына ықпал етеді.

Ресейдің еуропалық бөлігінде қатты қардың түсуіне себеп болған белсенді циклон Батыс Сібірге ығысады. Бірақ онымен байланысты атмосфералық фронттар Қазақстанның батыс және солтүстік облыстарының ауа райына әсер етеді. Ал республиканың оңтүстік облыстарына Каспийдің оңтүстігінен фронттар ығысып, жексенбі және дүйсенбі күндері жауын-шашын, тұман мен көктайғақ болуы мүмкін, — деп хабарлайды «Қазгидромет» мамандары.

Қазақстанның қалған өңірлерінде атмосфералық қысым жоғары болып, жауын-шашын түспейді.

23 ақпан — сенбі күні атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың батысы мен солтүстік-батысында ауа райы құбылмалы болады, кей жерлерде жауын-шашын жауады. Республика бойынша тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейіп, бұрқасын соғады.

Солтүстік Қазақстан облысында жел екпіні 23 м/с-ке дейін күшейеді, күндіз кей жерлерде жаяу бұрқасын соғады.

Алматы облысында тұман түседі, Жалаңашкөл көлі ауданында жел екпіні 18-23 м/с-ке  дейін күшейеді.

Шығыс Қазақстан облысында түнде тұман түседі, күндіз Жарма ауданында жел екпіні 15-20 м/с-ке дейін күшейеді.

Қарағанды, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Жамбыл облыстарында да тұман түсіп, жел күшейеді.

Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болады.

Қостанай облысында жаяу бұрқасын соғып, тұман түседі, көктайғақ болады.

Ақмола облысында жел күшейіп, жаяу бұрқасын соғады.

Алматы облысында және Алматыда қар еріп, су тасқыны болу қаупі бар. Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында желдің күшеюіне байланысты ескерту жарияланды.

Республикалық маңызы бар үш қалада сенбі және жексенбі күндері ауа температурасы мына шамада болады:

23 ақпан

Астанада — күндіз 5-7 градус аяз, түнде 13-15 градус аяз;

Алматыда — күндіз 2 градус жылы, түнде 7-9 градус аяз;

Шымкентте — күндіз 10-12 градус жылы, түнде 4-6 градус аяз.

24 ақпан

Астанада — күндіз 5-7 градус аяз, түнде 13-15 градус аяз;

Алматыда — күндіз 6-8 градус жылы, түнде 5-7 градус аяз;

Шымкентте — күндіз 8-10 градус жылы, түнде 1 градус аяз бен 1 градус жылы аралығы.