«Әбу-Даби Плаза» Астанада жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді

Астана жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармалары мен «АЛДАР ЕвроАзия» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құжатты бекіту тараптардың ұзақмерзімді серіктестік құруына бағытталған. Мақсат — халықты жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған азаматтармен бірге Астана тұрғындарын жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау, Астанадағы «Әбу-Даби Плаза» көпфункциялы кешені жобасының жұмысы шеңберінде кадрларды даярлау және қайта даярлау.

Жаңа нысанды пайдалануға берудің нәтижесінде қолданыстағы кәсіпорындардың дамуы есебінен Астанада жыл сайын 19-20 мың тұрақты жұмыс орны құрылып отыр. Бүгінгі таңда Астанада экономикалық белсенді халық саны 531,3 мың адам, жұмыспен қамтылған халық саны 507,2 мың адам болды.

Астананың индустриялық-инновациялық және әлеуметтік-экономикалық дамуының аясында «Әбу-Даби Плаза» көпфункциялы кешенінің нысандарында жаңа жұмыс орындарын құру еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлайды Астана әкімінің баспасөз қызметі.