Өзбек халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдірді (Видео)

Елбасы бақиға озған байырғы үзеңгілесі, тәуелсіз өзбек елінің тұңғыш президентінің Самарқандағы бейітіне гүл шоқтарын қойып, марқұмның отбасына көңіл айтты. Бүгін — мұқым мұсылман қауымы үшін ең ұлық мереке. Қасиетті Құрбан айт кезінде Мемлекет басшысының тарихы мен тағдыры тамырлас өзбек еліне ат басын бұруында да үлкен мән жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайдан Өзбекстан президентінің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзиеевтің өзі қарсы алды.

Қазақстан Президенті ұзақ жылдар бойы берік достық пен өзара тілеулестік байланысын бекемдеп келген Ислам Каримовтың қазасын барша қазақ халқы қабырғасы қайыса қабылдағанын жеткізді. Сапардың негізгі мақсаты — артында өшпес мұра, өлмес із қалдырған тарихи тұлғаның рухына тағзым ету. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапарына ыстық ықылас білдірген өзбек халқы Қазақстанмен қарым-қатынасты арттырып, барлық саладағы байланысты бекемдеуге мүдделі екенін жеткізді. Елбасы іргесі бірге жатқан екі елдің еңсесін тіктеу жолында Ислам Каримовтің шоқтығы биік, орны бөлектігін айрықша атап өтті.

— Бүкіл қазақ халқына қиналған жүрегін жеткізу үшін мен бүгін Құрбан айт күні әдейі осы жерге келіп тұрмын. Ислам Абдығаниұлының істеген ісі, оның мемлекеттік қызметі әлі болашақта талай рет зерттелетін болады. Талай ғасырларға кететін болады. Біз білеміз істеген жұмыстың барлығы ел үшін, халық үшін. Өзбекстанды көтеру үшін, өзбек халқын көтеру үшін аянбай күндіз-түні жұмыс істеп барлық өмірін, барлық білімін елге берді. Соңғы күнге дейін жұмысын тастамады. Өзбекстанның халқына жақсылық жасады. Өзбекстанды бүкіл дүниеге паш етті, көрсетті. Оның барлығын өзіміз көріп отырмыз. Сондықтан орны толмайтын қайғы, әрине. Әсіресе мен үшін, жақын досымнан айырылдым. Екеуіміз бір заманда тудық, бірге өстік. Бір күннен бастап ел басқардық. Ол Өзбекстанды, мен Қазақстанды. 25-30 жылдың ішінде әр уақытта сырлас болдық, бірге болдық. Сондықтан айтып кеткен сөздерінің барлығы менің есімде. Өзбекстанның мақалы бар, қазақтан досың болса, жолдан адаспайсың деп.

Қазақстан көшбасшысы қойы қоралас, ауылы аралас бұл елмен мызғымас достықтың орны бөлек екенін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті

Мы с Исламом Абдуганиевичем подписали договор о вечной дружбе у мавзолея Ходжи Ахмеда Ясави в 1998 году и наши взаимоотношения всегда основывались на этом соглашении. Казахстан всегда будет с узбекским народом.

Нұрсұлтан Назарбаев қара жамылған отбасыға көңіл айтып, орыны толмас қаза қазақ халқына да ортақ екенін жеткізді. Тағлымы мол тарихи кездесуді түйіндей келе Елбасы Өзбекстан Республикасы президентінің міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзиеевпен де кездесті. Бауырластық байланысты нығайту аясында ордалы ойлар сараланды. Тараптар сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастың мейлінше өзекті мәселелеріне басымдық берді.

— Я понимаю что переживает народ ваш. Я приехал выразить скорбь свою, великое уважение этому выдающемуся сыну узбекского народа. Мы должны укреплять отношения.

Шавкат Мирзиеев, Өзбекстан Республикасы Президентінің міндетін атқарушы:

— Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, тағы да сізге өз ризашылығымды білдіргім келеді. Осы бір қасиетті күні Ислам Каримұлының рухына тағзым етуге келгеніңіз үшін шексіз алғыс білдіремін.

Көненің көзі Самарқанның сар даласына жасаған Қазақстан Президентінің бұл сапарына ала тақиялы ағайындар риясыз ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Өзбекстан тату көршілігін дамудың жаңа сатысына көтеріп, алыс-беріс пен барыс-келісті артыра түсуге айрықша ықылас танытты.

Дереккөз24.kz