Ол үлкен жиында өзін:

— Арғы атам — ұлы Шекті, Жібек апам,

Сонан соң Тілеу, Қабақ, ол да бабам.

Бергі атам қойлы Дәкен.

Жетес бимін, мекенім — Арал, Шалқар, құмды далам, — деп таныстырып алып, сөз бастаған.

Жетес би 72 жасқа қараған шағында дүниеден озады. Оның тауып айтқан ойлары, шешендік сөздері ел аузында әлі күнге дейін айтылып жүр.

Бірде Жағал деген кісі Жетес бидің ауылына түсіп, сырқаттанып жатқан қарттың хал-жағдайын сұрайды. Ақсақал басын көтеріп, дастарханға келеді. Арғы-бергіні айтып отырып, Жағал реті келгенде:

–  Иә, Жетеке, 70-тен астыңыз, әр он жылды бір белеске қойғанда, не нәрсеге теңер едіңіз? – дейді.

Сонда Жетес би сәл ойланып:

Е, қарағым, мен 10 жасымда асық ойнадым, қызығына тоймадым, қатар балалардың асығын ұтып қоймадым. 20-ға келдім, бойға жетіп бойладым, онда да балалықты қоймадым. 25-ке жеттім, жақсы іске сүйіндім, жаман іске күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншек болса, соған шүйілдім. 30-ға келдім, қызыл алтайы түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар құрбымның көңілін қалдырмадым. 40-қа жеттім, арғымақтай аңқылдадым, тау қырандай шаңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылдадым. 50-ге келдім, биік бір қара төбенің басына шықтым, алды-артымды тегіс көрдім, бірақ қай жағы алыс, қай жағы жақын екенін біле алмадым. 60-қа жеттім, алты тарау жолға кездестім, қайсысына түсуді білмей дағдырысқа ұшырадым. 70-ке келдім, жеңілгенімді білдім, билікті бала-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім. Тап осы күні алдым — терең құз, артым — биік жар, сол жағым — су, оң жағым — от, қалай қозғалсам да маған тиер ажал оқ, — деген екен.

1 пікір

  1. Жетес бидің мына қойылған белгісінде 1828-1914 жыл деген. Ал мына жазғандарыңда 1835-1907 жыл деп отырсыңдар неге белгідегі көрсетілген жылына қарамайсыңдар . Білмейтіндер қателеседі ғой.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!