Ұлпершек

Ұлпершек
©Comode.kz

Ұлпершек – құрамында түрлі дәрумендері бар өте пайдалы тағам. Оны үйінен ұзатылып кеткен қыз төркіндеп келгенде пісіріп беретін болған. Ол “қайда жүрсең де біздің жүрегіміздесің” деген мағынада ұсынылады.

Жылқы немесе сиырдың жүрегінен жасалады. Жүректі кітап сияқты ашылатын қылып тіліп, қанын тазалайды да, ішіне тұз бен бұрыш себеді. Сосын ұсақталып туралған ет пен маймен толытарады да, бір ай бойы ұнға батырып қояды. Уақыты келгенде фольгаға немесе аспаздық целлофанға салып пісіреді.

Әсіп

Әсіп
©Neke.kz

Әсіп – шұжық пен қазыға ұқсас тағам. Оны әзірлеу үшін қойдың жүрегі, бауыр мен өкпесін ет тартқыштан өткізеді де, қойдың ұсақталып туралыған құйрық майы мен  күрішке араластырады. Оған тұз, бұрыш, дәмдеуіштерді қосып, ұсақ мал – қойдың немесе марқаның ішегіне аздап салады. Себебі пісірген кезде күріш өседі. Ал тығыздап салынатын болса, ішек жарылып кетуі мүмкін. Ішекті тұздалған суда пісіреміз. Одан кейін сорпа мен бұрыш қосып, тұздығын жасау керек. Ішекті табаққа салғанда үстінен пышақпен тіліп жіберсе, ішіндегі күріші мен еті, барлығы ақтарылып шығады. Ішекті турап салуға да болады.

Малта

Құрт
©gastronom.ru

Малта жасау үшін жазда қайнатылып, кептіріп алынған құрттарды үлкен ыдысқа салып, үстіне қайнаған су құйып, тұздап, бетін жауып қояды. Біраз уақыттан кейін шайқап ішеді. Суының дәмі қымыз сияқты болады. Ал құрттар суға жұмсарып, майда домалақ малта болып қалады. “Алты малта ас болмай ерлердің ісі біте ме?” деген осыдан қалса керек.

Жаужүрек

Жаужүрек
©Comode.kz

Бұл тағам қойдың бауырынан жасалады. “Жаужүрек” деп аталуының себебі – оның құрамында қорқынышты жоятын гормонға әсер ететін элемент бар. Сондықтан оны ер адамдар мен жас балаларға береді. Сондай-ақ қойдың бауырында миокард инфарктының алдын алатын гепарин бар.

“Жаужүректі” ыстық тіскебасар ретінде ұсынуға да болады.

Көмбе

Көмбе
theopenasia.net

Көмбе көмірдің шоғына көміліп жасалады. Үлкен даладағы ошаққа от жағып, онда қойдың сирақтарын іліп қояды. Шамамен екі сағаттан соң тамақ та дайын болады. Мұны қазақтар әсіресе көшпенділік заман кезінде жиі қолданыпты. Өздері үшін ғана емес, алыста келе жатқан, адасып кеткен адамдар үшін де солай жол бойында дайындап кететін болған.

Өрметөс

Өрметөс
©Comode.kz

Күйеу бала қонаққа келгенде ұсынылатын бұл тағам қазір қарапайымданып кеткен. Қазіргілер қой сойғанда оның ішек-құрылысын тастай салады. Олардың өте пайдалы екенін ескере бермейді.

Өрметөс – қой төсінен жасалатын тағам. Оны екіге айырып, екі шетін өру арқылы құс қанатына ұқсас қылып жасайды. Бұл күйеу балаға “қанатың талмасын!” деген тілектестікті білдіреді.

Мипалау

Мипалау
©Cooks.kz

Мипалауды жасау үшін піскен бастың миын, желке-шүйдесін, екі көзін, бастық құйқасын алып, ұсақтап турайды, үстіне шамалап сорпа құйып барлығын араластырады. Сондай-ақ, дәмді болуы үшін оған бұрыш, ұсақтап туралған пияз (1 бас) қосып, тұзды татымына қарай салады. Ми палауға: 200 г құйрық май , бастық миы, құйқасы, екі көзі, 1 бас пияз, бір шымшым қара бұрыш, 3 ас қасық сорпа, 200 г бауыр керек.

Жөргем

Жөргем
©Baq.kz

Көшіп бара жатқан қазақ ошақтың түбіне нан көміп кететін болған. Ол кейінгі көш керуеніне деген қамқорлықты білдіреді. Малдың ішегін үрлеп, кептіріп, көшкен кезде асабаға ілінген күйінде қалдырады. Соңғы көш жұрттағы ошақтың басынан таба нанды алып, ілулі қалған ішекті қайнатып жеп, талғажау еткен екен. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз содан қалған.

Дайындау тәсілі: Төстің етегіне тоқ ішек пен таспалап тілінген қарынды орайды. Оның сыртын ащы ішекпен қатты орағанда жөргем жасалады. Жөргемді асуға да, турап қуыруға да болады.

Борша

Стейк
©livejournal.com

Кәуәптің бір түрі. Ірі қара санының, қолының, жауырынының қара кесек еттерін ұзыншалап кесіп алады. Әрбір еттің бөлегін пышақты көп батырмай жұқалап тіліп тұз, бұрыш себеді. Етті темір тордың үстіне салып, жалындатпай шоққа қақтап пісіреді. Пісірген кезде аудармалап отырады. Шоққа қақталып қызыл-күрең тартқан борша өте дәмді болады. Оны әсіресе қымыз, шұбат ішкенде жеген жөн.

Қарма

Бұл тағам балық шаруашылығымен айналысатын ру-тайпаларда болады. Халқымызда “балықшыдан қарма жерсің, егіншіден жарма жерсің” деген сөзі бар. Балық сүйегі мен етін араластырып, қазанға қарып қуырады. Сосын келіде ұнтақтап, диірменде тартады. Бұл тағамды кейде “балық жармасы” деп те атайды.

Қарма немесе “Қарыма” деген тағы ұннан жасалған басқа тағам бар, аты ұқсас болғанымен бұл екі түрлі тағам.

Ақпарат көздері:

  1. Massaget.kz
  2. Baq.kz
  3. Theopenasia.net
  4. Comode.kz
  5. Wikipedia.org
  6. Balakai.kz

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.