Қазақстанда 2018 жылы 26,4 мың тонна мұздатылған балық, 11,2 мың тонна өңделген немесе консервіленген балық пен уылдырық өндірілді. 2017 жылы балық өндірісі алдыңғы жылдарға қарағанда 4,1%-ға аз өндіріліп, консервіленген балық өндірісі ғана 19,9%-ға ұлғайған еді.

Елімізде балық, шаянтәрізділер мен ұлуды Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары өндіреді. Бұл шаруашылыққа соңғы кездері айрықша көңіл бөліне бастады. Қызылорда облысында Кіші Аралды қалпына келтірудің ауқымды жұмысы жүргізіліп, өңірде балық өнеркәсібі жанданды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Кіші Аралдың ауданы 18 учаскеге бөлінген, 203 көлдің 142-сі байқаудың нәтижесінде табиғатты пайдаланушыларға берілген. 61 көл резервте. Соңғы бес жылда Кіші Аралдан балық аулау 36%-ға артқан.

Қызылорда облысында сегіз балық зауыты бар, олар жылына 11 мың тонна шамасында өнім өндіреді, зауыттар балықты өсірумен, балық кәсіпшілігімен және балық өнімін өңдеумен айналысады. 2018 жылы Арал маңынан 8 477 тонна балық ауланған.

Қазақстанда балық өнеркәсібін жетілдіру 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған. Балықты аулауға ғана емес, өсіруге де мән беріліп отыр. Елімізде балық ресурсы негізінен табиғи суқоймалардан ауланады, ал аквамәдениет қарқынды дами қоймаған. 2015 жылы балық өсіру көлемі 0,7 мың тонна, ал табиғи суқоймалардан балық пен басқа да су жәндіктерін аулау көлемі 41,5 мың тоннаға артты. Енді 2021 жылға бұл көрсеткіш өспек, балықтың құнды түрін өсіру жылына 5 мың тоннаға дейін жетеді.

2018 жылы балық шаруашылығына соңғы 10 жылда тұңғыш рет субсидия бөлінді. Бұған дейін балық азығын 30% субсидиялау туралы шешім қабылданған еді. Биыл балық шаруашылықтарының балық азығына жұмсаған қаржысының 30%-ына мемлекеттен өтемақы төленеді. Бұл көмекті 121 шаруашылықтың 22-сі ғана алған.

2018 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша елімізде балық өнімдеріне деген сұраныстың 50,9%-ын ғана отандық кәсіпорындар қанағаттандырып отыр. Өнімнің көбі — импорт. Экспорт алдыңғы жылға қарағанда 17,8%-ға артқан.

Еліміздің сауда орындарында биыл балықтың бір келісінің орташа бағасы 704,7 теңге (былтырға қарағанда 9,7%-ға жоғары), мұздатылған балықтың бір келісінің бағасы — 968,5 теңге (былтырға қарағанда 10,6%-ға жоғары) болды.

Тұздалған және қақталған балықтың құны бір жылда 12%-ға жоғарылаған (келісі — 1 490 теңге), майшабақтың келісі 3,5%-ға (880,6 теңге), балық консервісі 7%-ға (585 теңге) қымбаттаған.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!