Атырауда «Жайық» спорт кешенінде тұрғындарға есеп берген облыс әкімі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары туралы айтты.
Атырау облысы коммуникацияларының өңірлік қызметінің хабарлауынша, Нұрлан Ноғаев 2 000 адамның алдында облыстың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен биылғы жоспарлар туралы баяндады.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қазір аймақта көпбалалы жұмыссыз аналарды, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналарды қолдауға бағытталған жаңа шаралар жасалған. Шара аясында аналар жаңа мамандық меңгерудің қысқамерзімді курстарына қатысады. Бірінші кезеңде курсқа 200 адам қатысады деген жоспар бар. Әйелдердің таңдауына 10 кәсіби бағыт беріледі, курс 15 күнге дейін созылады. Оқу аяқталған соң қатысушыларға сертификат беріледі.
Курстарды Азаматтық орталықтың мамандары дайындады. Біздің мақсатымыз — әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сол арқылы өз істерін бастап, мақсаттарын айқындап, алға қарай дамуларына қолдау көрсету. Бүгінде өңірдегі кәсіпкерлердің 47%-ы — әйелдер. Бұл көрсеткішті әлі де арттыру керек, — деді Атырау облысының әкімі.
Жұмыссыз аналарды оқытатын 10 бағыттың ішінде тігінші, аспаз, шаштараз, маникюр, визаж, бухгалтерия, емдік массаж, интернет-сауда дағдысы, SMM сияқты курстар бар. Оқу аптасына үш рет жүреді, топ наурыз айынан бастап жиналады.
Курс барысында әйелдер жаңа мамандықты игеріп қана қоймай, әлеуметтік желілерде іс жүргізуді, маркетинг пен бизнес негіздерін онлайн режимде оқи алады, — деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, Атырау облысында 2019 жылдың 1 ақпанындағы мәлімет бойынша 12 249 көпбалалы ана жәрдемақы алады, оның ішінде 5 557-і — «Күміс алқа», 3 594-і «Алтын алқа» иегері, 10 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 983 батыр ана бар. Мемлекеттен жәрдемақы алатын аналардың жалпы саны — 22 383 адам.
Облыста атаулы әлеуметтік көмекті 2 035 отбасы (10 949 адам) алады. Курстарға оқуға жұмыссыз көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және әлеуметтік әлжуаз топтағы аналар шақырылады.
Осы санаттардағы әйелдер Азаматтық орталыққа хабарласуы керек.
Мекенжайы: Атырау, Махамбет көшесі, 88-үй.
Телефон: 8 (7122) 76 38 46, 76 38 52, 8 778 663 92 63.
Өзімен бірге жеке куәлігі болуы тиіс.